ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІ БЕРІЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытына айрықша басымдық беріп отыр. Оны әрбір сұхбатында тілге тиек етіп келе жатқаны да белгілі. Президент тапсырмасын жүзеге асыру бағытында еліміздің әр өңірінде игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Жиында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалды. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылдың қорытындысымен қаламызда экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 448,5 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құраған. Осы орайда, тұрғындардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасының іске асырылуы және қаламызда құрылған жұмыс орындарына азаматтардың жұмысқа жолдануы екені айдан-анық. Бұл бағыт бойынша 2022 жылы 57,2 мың азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Оның ішінде 33500 адам 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы бойынша болса, 23,7 мың адам – қалада іске асырылып отырған ұлттық жобалар және жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындары негізінде. Жоспар толығымен жүзеге асқан.
Бүгінде мемлекетіміздің ұстанып отырған әлеуметтік саясаты – халықты масылдықтан арылтып, кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу. Бұл бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету — біздің сөзсіз басымдықтарымыздың бірі» дей келе жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5% жеңілдетілген шағын несиелендірудің жеке тетігі іске қосылатындығын атап айтқан болатын. Осы ретте, Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып, оған республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Шағын несие өндірісті дамытуға және өнім шығаруға арналған кәсіпкерлік бағытына 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласына 7 жылға 5 млн теңгеге дейін берілетін болады. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында «Агронесие корпорациясы» АҚ және жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арасында тапсырма шарт түзілген.