“БОЗАРЫҚ” ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

53
0
Қазір «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аймаққа арнайы барып, инженерлік инфрақұрылымымен танысты.
132,9 га алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері жүргізілуде. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға қосалқы станцияны іске қосып, кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтуды тездету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ инфрақұрылым жүйелерін биыл 90 пайызға аяқтауды тапсырды. “Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырған болатын. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып құрылады” –деді қала әкімі. Биыл іске қосылатын индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұнда 1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ қала әкімі «Қайнар бұлақ» шағын ауданының инфрақұрылымымен де танысты. Мұнда қазір елдімекенді табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру құрылысы алдағы жылы аяқталады. Нысан толық пайдалануға берілгенде 28 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады. Жалпы үшінші мегаполисте кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Мәселен, өткен жылы 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і былтыр орындалды. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар. Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында, ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында, ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса, ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.