ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТА ТҮСУДЕ

106
0

Үшінші мегаполиске қарасты Қаратау ауданының тұрғындары 2023 жылдың соңында сапалы электр энергиясымен 100 пайыз қамтылады. Шымкенттегі Қаратау ауданында тұратын халық саны 266,7 мыңнан асты. 24 елді мекеннің 17-сі сапалы электр энергиясымен қамтылған, қалған 7 мекенжайдағы мәселе 2023 жылдың соңына дейін толық шешіліп, сапалы электр энергиясымен қамту 100 %-ға орындалады.

Осы және бұдан да басқа шешімін тапқан өзекті мәселелердің бірпарасын аудан әкімі Рахымберді Мулкеманов шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің аудан тұрғындарымен кезекті есепті кездесуінде айтты. Нақтырағы “Биылғы жылдың соңына дейін «Достық», «Қайнарбұлақ», «Асар-2», «Тассай», «Тұран», «Нұртас» елдімекендеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталады. Ал 2023 жылға қарай “Бозарық”, “Қайнарбұлақ” және “Асар-2” (2-кезең) тұрғын алаптарында құрылыс басталады”,-деді аудан әкімі. Жалпы аудан аумағында орталық кәріз жүйесімен қамтылған елді мекендер саны – 5. Ауыз сумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны – 20. Табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны- 18. Су алу қаупі бар орындарға және 378 көшеге ирригациялық арық орнатылған. Алдағы уақытта аудандағы мәселер толық шешімін табады. Айта кету керек, Шымкент қаласы аумағында 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылса, оның 8 елді мекені, яғни Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ, Солтүстік саяжай елді мекендері сапасыз электр қуатын тұтынып отыр.  Олардың бүгінде Қайнарбұлақ және Батыс елді мекендеріндегі құрылыс жұмысы сот шешіміне сәйкес тоқталған. Ал, қалған елді мекендерде құрылыс жұмысы жалғасын табуда. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін даму жоспарына сәйкес, қосымша тағы 6 дана қуатты таратушы қосалқы станциялар салу жоспарланған. Бастамалар жүзеге асса, қаладағы сапалы жарық мәселесі шешімін таппақ.