ҮЗДІК МАМАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Шымкент қаласында өткен салтанатты іс-шара — қоғамның негізін қалаушы адал еңбек иелеріне арналған құрметтің айқын көрінісі болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен аталып өтіп жатқан бұл жыл еліміздің барлық өңірінде еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың біріне айналды.
Іс-шара барысында қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала мамандары мен құрылыс саласының қызметкерлері «AMANAT» партиясының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат — тек бір сәттік қолпаш емес, адал еңбек иелеріне деген қоғамның шынайы ризашылығы. Жиынға қатысқан «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Тұран аудандық филиал төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Абзал Зейнетаев және Чернобыль ардагерлер одағының төрағасы Сайфулин Нахбаев – барлығы да еңбек адамының қоғамдағы орнын жоғары бағалап, олардың тынымсыз еңбегі ел дамуының өзегіне айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысының ұстанымында ерекше орын алатын «Адал азамат» тұжырымдамасы — жауапкершілігі мол, адал еңбек етіп, туған жеріне үлес қосатын азаматтар бейнесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл идея жұмысшы мамандықтарға да тікелей қатысты. Ербол Байқонысов өз сөзінде былай деді «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, жұмысшының еңбегін бағалауға арналған тарихи мүмкіндік. Адал еңбек еткен азамат – елдің тірегі». Осыған ұқсас ойды мәслихат депутаты Абзал Зейнетаев та өз өмірлік жолымен дәлелдей түсті «Мен еңбек жолымды қарапайым жұмысшы болып бастадым. Өз ісіме деген адалдықтың арқасында басшылық қызметке дейін көтерілдім. Ең бастысы – еңбек етуден жалықпау, адал болу».
Салтанатты жиын барысында бірнеше еңбек адамына Алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Марапат алған жандар өз тараптарынан ризашылықтарын білдіріп, мұндай құрмет олардың мамандығына деген сүйіспеншілігін арттырып, жауапкершілігін еселей түскенін жеткізді. Сайфулин Нахбаев өз атынан марапаттар тапсырып, ел дамуына үлес қосып жүрген жандардың маңызын атап өтті. Бұл іс-шара жастарды еңбекке баулуға, адал жолмен табысқа жетудің маңызын ұғындыруға бағытталған маңызды платформа болды. Қоғамда жиі айтылатын «жұмысшы мамандық беделі төмен» деген түсінікті түбірімен өзгертудің жолы – осындай кездесулер, нақты қолдау мен жүйелі құрмет көрсету.
Шымкент қаласында өткен бұл іс-шара – еңбек адамына деген құрметтің шынайы үлгісі. Ол «Адал азамат» ұғымының мәнін айқындап, еңбекқорлық, адалдық, қарапайымдылық сияқты қасиеттерді ұлықтаудың нақты көрінісін көрсетті. Қоғам адал еңбекке сүйеніп дамиды. Ал адал еңбек — азаматтың өз болмысына, қоғамға, мемлекетке деген шынайы жауапкершілігі. Бүгінгі марапат иелері – ертеңгі үлгі тұтар тұлғалар. Жастардың олардан үйренері көп.