МЕТАЛДЫ КЕСУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТІБІ

 

Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын орындау кезiнде жұмыс орны электрмен дәнекерлеу жұмысы кезiндегiдей ұйымдастырылады. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың төгiлуiне жол бермеуге және дұрыс сақтауға, кесу режимiн сақтауға және жанармайы бар бакты күтiп ұстауға ерекше назар аударылады.

Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу орындарында жанармай қоры ауысым қажеттiлiгiнен аспайтын мөлшерде сақталады. Жанармай жарамды, сынбайтын, тығыз жабылатын, арнайы ыдыста, отпен байланысты жұмыстарды жүргiзу орындарынан кемiнде 10 метр қашықтықта сақталады.

Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстары үшiн бөгде қоспалары мен суы жоқ жанармай қолданылады. Кiшкентай бакты оның көлемiнен 3/4 артық жанармаймен толтыруға болмайды.

Кiшкентай бак ақаусыз күйде ұсталады және герметикалы етiп жасалады. Кiшкентай бакта манометр, сондай-ақ кiшкентай бактағы қысымның 5 атмосферадан артық жоғарылауына жол бермейтiн сақтандыру клапаны көзделеді.

10 атмосфералық қысымдағы сумен сыналмаған, жанғыш сұйықтық ағатын немесе ақаулы сорғысы бар кiшкентай бактарды пайдалануға болмайды.

Бензинмен кесу жұмыстарын бастамас бұрын барлық бензинмен және керосинмен кесу арматурасының ақаусыздығы, ниппельдердегi шлангiлер қосқыштарының тығыздығы, салмалы гайкалар мен бастиектердегi бұрандалардың ақаусыздығы мұқият тексерiледi.

Жұмыс орнында құйылған тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды тұтату арқылы кескіш буландырғышты қыздыруға жол берілмейді.

Жанармайы бар кiшкентай бак оттегі баллоны мен ашық от көзiнен кемiнде 5 метр және жұмыс орнынан кемiнде 3 метр қашықтықта болады. Бұл ретте кiшкентай бак жұмыс iстеген кезде жалын мен ұшқын түспейтiндей орналастырылады.

Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу кезiнде мыналарға жол берілмейді:

— жанармайы бар бактағы ауа қысымының кескiштегi оттегiнiң жұмыс қысымынан артық болуына;

— шие түсiне дейiн қатты қыздыруға, сондай-ақ кескiштi жұмыс кезiнде басымен жоғары қаратып тiгiнен iлiп қоюға;

— кескiшке оттегi немесе жанармай беретiн шлангiлердi қысуға, бұрауға немесе сындыруға;

-бензин немесе керосин бөлуге арналған оттегi шлангiлерiн кескiште пайдалануға.

Дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде жұмыс орны жанғыш материалдардан тазартылады, ал кемiнде 5 метр қашықтықтағы жанғыш материалдардан жасалған құрылымдар жанбайтын материалдардан жасалған экрандармен қорғалады немесе су бүркіледi.

Дәнекерлеу шамдары толықтай жарамдылықта ұсталады және нәтижелерi мен тексерген күнін ерікті нысандағы журналға енгiзе отырып, кемiнде айына бiр рет олардың төзiмдiлiгi мен герметикалығы тексерiледi. Бұдан басқа жылына кемiнде бiр рет гидравликалық бақылау сынағы жүргiзiледi.

Әрбiр дәнекерлеу шамы зауыттың гидравликалық сынақ нәтижелерi мен рұқсат етiлген қысымы көрсетiлген паспортпен қамтамасыз етiледi. Шамдар тиiстi қысымда реттелген, серiппелi сақтандыру клапандарымен жарақталады.

Дәнекерлеу шамдарына осы мақсат үшiн арнайы бөлiнген орындарда жанармай толтырылады және жағылады. Шамдарды толтыру кезiнде жанармайдың төгiлуiне және ашық отты пайдалануға жол берiлмейдi.

Дәнекерлеу шамынан жалынның шығуын болдырмау үшiн шамға құйылатын жанармай бөгде қоспалар мен судан тазартылады.

Дәнекерлеу шамының жарылуын болдырмау үшiн мыналарға жол берілмейді:

— жанармай ретiнде керосинмен жұмыс iстейтiн шамдар үшiн бензин немесе бензиннiң керосинмен қоспасын қолдануға;

— ауа толтыру кезiнде шамның резервуарындағы қысымды паспортта көрсетiлген, рұқсат етiлген жұмыс қысымынан жоғарылатуға;

— шамға оның резервуарының 3/4 көлемiнен артық жанармай құюға;

— шам жанып тұрғанда немесе суымай тұрып, ауа винтi мен отын құю тығынын ашуға;

— ашық оттың маңында шамды жөндеуге, сондай-ақ одан жанармайды ағызуға және оған құюға.