ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 35 МЫҢНАН АСА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті маңызды мәжілісте аймақ тіршілігінің күретамыры саналатын халықты нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларының барысы ортаға салынды. Жиында өңірлік жұмыспен қамту картасының атқарылу деңгейі безбенделіп, облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларына жұмыспен қамту индикаторларын сапалы әрі мүлтіксіз орындауды шегелеп тапсырды. Сонымен қатар, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асыру арқылы тұрақты жұмыс орындарының үлесін барынша көбейтуді міндеттеді.
«Қазіргі таңда алдымызда тұрған ең басты мақсат — 2026 жылға жұмыспен қамту бағыты бойынша белгіленген барлық индикаторларды уақтылы әрі жоғары сапада орындау. Ол үшін өңірге қосымша инвестиция тарта отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуды жеделдету қажет. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында пәрменді шаралар қабылдануы тиіс» деген Нұралхан Көшеров бұл салада әлі де болса шешімін таппаған кемшіліктер мен сылбырлық бар екенін жасырмай, жұмысты барынша ширату қажеттігін мәлімдеді. Алқалы жиында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы мінбеге көтеріліп, атқарылған істер мен нақты статистикалық мәліметтерді жеткізді. Жауапты маманның есебіне сүйенсек, биыл Түркістан облысында аймақ басшысы бекіткен Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жалпы саны 74 516 жұмыс орнын ашу межеленген. Осы ауқымды жоспардың ішінде 54 483-і тұрақты, ал 20 033-і уақытша жұмыс орны деп қарастырылған. Ағымдағы 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірде 35 539 жұмыс орны ресми түрде ашылып үлгерді. Оның ішінде 19 100-і тұрақты жұмыс орындары болса, 16 439-ы уақытша еңбек майданы болып табылады. Тұрақты жұмыс орындарына 14 507 азамат жолдама алып, екі қолға бір күрек тапса, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына 16 027 адам тартылған. Мұнымен қоса, ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар шеңберінде биыл облыс бойынша 284 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жұмыс орнын ашу көзделген болатын. Қазіргі уақытта 105 жоба толықтай жүзеге асырылып, 935 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында өңірде 4 070 жұмыс орны ашылып, игілігін халық көруде.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында жыл басынан бері 16 мыңнан астам азамат мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналастырылды. Оның ішінде жас буынның тәжірибе жинақтауына септігін тигізетін жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, ақылы қоғамдық жұмыстар және егде жастағы азаматтарды қолдайтын «Күміс жас» жобалары бар. Жиын барысында халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының орындалу барысы да қызу сараланды. Биыл облыс бойынша 59 мыңнан астам мұқтаж жанды атаулы әлеуметтік көмекпен (АӘК) қамту көзделсе, 1 маусымдағы ресми мәліметке сәйкес, 42 771 адамға немесе 6 875 отбасына тиісті әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Осылайша, жүйелі қолдаудың арқасында өңірдегі кедейлік деңгейі 2 пайызды құрап, жоспарлы көрсеткіштің толық орындалуы қамтамасыз етілді. Мәжілістің тағы бір өзекті арқауы — ауылдағы ағайынның әл-ауқатын көтерген «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы болды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2026–2029 жылдар аралығында бұл бірегей жобаға 217 мыңнан астам ауыл тұрғынын тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта биыл республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы тартылып, 1 115 жобаны тікелей қаржыландыру және 1 400 су жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алқалы мәжілісті қорытындылай келе, өңір басшысы Нұралхан Көшеров өз ісіне салғырт қарап, көрсеткіштер бойынша кемшілікке жол берген бірқатар аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қатаң сын-ескертпе айтты. Бекітілген индикаторды тиісті деңгейде орындамаған басшылардың қызметтік жауапкершілігі алдағы уақытта арнайы қаралатынын қадап ескерткен облыс әкімі, жұмыспен қамту бағытындағы барлық межелердің толық орындалуын, тәуекел аймағында тұрған аудандардағы көрсеткіштерді шұғыл жақсартуды және әлеуметтік бағдарламалардың халық үшін тиімділігін барынша арттыруды қатаң тапсырды. Түркістандағы еңбек нарығын реттеу жұмыстары бұдан былай да толық бақылауда болмақ.



