МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІН ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновті қабылдады. Мемлекет басшысына үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
2022 жылы Шымкент қаласы экономикасына тартылған инвестиция көлемі 13,8 пайызға артып, 549,4 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 110 мыңнан асты. Жалпы өңірлік өнім көлемінің 40,7 пайызы осы саладағы кәсіпкерлерге тиесілі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қаланың даму әлеуеті ескеріле отырып, жаңа бас жоспар бекітіледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы жыл соңына дейін шет аудандардың тұрғындары ауызсумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілетінін баяндады.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 25 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы биыл басталады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполис басшысына әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.