«ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫНА» 19 МЛН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ДЕРЕГІ ЕНГІЗІЛДІ

12082
0

«Отбасының цифрлық картасына» 19 млн қазақстандықтың деректері енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Астана қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Қанат Тоқтыбаев айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде «Отбасының цифрлық картасын» енгізу басталды. Шын мәнінде, карта – бұл азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу жөніндегі құқықтары туралы күнделікті электрондық хабарлама. Бұл мемлекеттік қызметті жетілдірудің тағы бір тетігі. Яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа мемлекеттік қолдау түрлерін онлайн алу мүмкіндігін ұсынады», — деді Қанат Тоқтыбаев.

Оның айтуынша, бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқатын және оларға көрсетілетін қолдау шараларын анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда цифрлық картаға шамамен 6 млн отбасының, олардың жанұя мүшелерімен қосқанда 19 млн адамның мәліметтер енгізілген. Деректер отбасы мен оның мүшелерінің мәртебесі өзгерген сайын жаңарып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға рұқсат берілген кезде оған СМС-хабарлама жіберіледі. Кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін тағайындау жүзеге асырылады. Тиісінше, ол қаражат азаматтың банк шотына аударылады.