ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қазір қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді. “Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек” – деді қала әкімі. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастырып, құрылыс талаптарын бақылауды тапсырды. Қала әкімі екі аптадан кейін кесте бойынша индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді. Жалпы Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында көшбасшы саналады. Сәйкесінше, үшінші мегаполистер инвесторларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында қыруар іс қолға алынған. Қала аумағынан индустриалды аймақтар бойы көтеруде. Соның бірі ретінде Абай ауданынан «Стандарт» индустриалды аймағын ашу бастамасын айтуға болады. Бастама мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту бойынша берген тапсырмасына орай жүзеге асуда. Бұл туралы қала әкімі «Қазірдің өзінде Абай ауданында ірі және орта кәсіпорындар саны 33-ке жетті. Бизнес объектілерінің артуы – қаланың экономикасы мен жалпы қаржылық дамуына оң ықпал етпек. Индустриалды аймаққа 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарланған. Осы арқылы жұмыссыз жүрген 3 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтитын мүмкіндік туады» деп атап өткен болатын.