РЕНОВАЦИЯ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА САЛЫНАТЫН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов реновациялау бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің инфрақұрылым жүйелерін жүргізу бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бағдарламаны іске асыру тетіктері мен құрылыс барысы талқыланды.
Қазір қала аумағында тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен 6 үйді бұзып, заманауи талапқа сай жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары жергілікті халықтың келісімі негізінде жүргізіледі. Жаңа бағдарлама қала көркін қашыратын ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға бағдарламаны тиімді іске асыруды, инженерлік жүйелер құрылысын талаптарға сай жүргізуді тапсырды.
Айта керу керек, реновация бағдарламасының талап шарттарына сәйкес, жиналысқа тұрғын үй пәтерлері меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, жиналыс заңды деп есептеледі. Жиналыс шешімімен келісім берілген жағдайда, авариялық тұрғын үйлердегі тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер беріледі. Сондай-ақ пәтер беру кезінде — пәтерлердің техникалық төлқұжаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құрылыс нормаларына, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес, пәтердің жақсартылған әрлеуде болуы, көп пәтерлі үйлерде азаматтардың аз мобильді топтары үшін, оның ішінде пәтерде жағдай жасалуы сынды бірқатар талаптар сақталады. Реновация бағдарламасы әкімдіктің қаулысымен бұған дейін бекітілген болатын. Бүгінде аталған бағдарлама жаңа редакцияда қайта қаралуда. Осының аясында тұрғындардың келісімімен түбегейлі жаңартылатын тұрғын үйлердің тізбесі анықталып, іске асыру көзделген.