КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫҢ ДАМУЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕР БАСТАМА ҚОЛҒА АЛЫНУДА

71
0

Кәсіпкерлік саланың өркендеуі бюджеттің бүйірін толтырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп болмақ. Сондықтан бұл саланың маңызы айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің өркендеп, дамуына байланысты бірқатар маңызды бағытты айшықтап берген болатын. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Нақтырағы «Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деген болатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Президенттің бұл бағытта берген тапсырмасы Шымкент қаласында жоғары деңгейде орындалып келеді. Осы тапсырмалар аясында Шымкентте  «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қазірде қалада жеке кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Түрлі курстар әзірленіп, арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында гранттар бөлініп, кіші және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлінген.

Соның ішінде, кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз етуде «КАЗГИСА» ЖШС тарапынан геопортал әзірленді. Геопорталға қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, Бас жоспары және инженерлік жүйелері бойынша электронды ақпараттары енгізілген. Шымкент қаласының азаматтары үшін де жалпыға ашық карта «http://geo-shym.kz» сайтында қол жетімді. Ақпараттық порталдың «Тақырыптық карталар» бөлімінде шаһардың Бас жоспары, аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, қаланың шекарасы, функционалды аймақтар, бағалау аймақтары, қауіпсіздік аймақтары, қызыл сызықтар және басқалар туралы мәлімет толық берілген.  Картографиялық материалдар қажеттілігіне қарай үнемі жаңартылып отырады.  Осыған орай, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша бірқатар жер учаскелері айқындалып, оларға электронды түрде аукцион өткізу жоспарланған.