20-ДАН АСТАМ ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫССЫЗДАРДЫ ТЕГІН ОҚЫТАТЫН БОЛАДЫ
Шымкентте жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1500-ден астам жұмыссыз азаматты тегін оқытады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұмыс беруші мекеменің талапқа сәйкестіктері сараланды. Мекемелерден техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Атап айтқанда, автомобиль жөндеу –дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелері сұранысқа ие. Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Айта кету керек, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту аса маңызды мәселе. Биыл бұл тұрғыда 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 22 489 адам қатысты немесе жоспар 67,1% орындалды. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту кіреді. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биыл6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазіргі таңда нақты – 5 780 адам қамтылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 2023 жылға 23 420 жұмыс орыны құрылатыны жоспарлануда. Оның ішінде ұлттық жобалар бойынша 2 377 жұмыс орыны, жеке бастамамен 21 043 құрылатын жұмыс орындары.2023 жылдың 1 шілдесіне 12 480 орын ашылған оның 12 203 – тұрақты жұмыс орындары, 277 – уақытша жұмыс орындары. 2023 жылы Шымкентте 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған.