ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 253 КӨШЕ ОРТАША ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

69
0
Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны қандай жақсы. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Шымкент қаласында шешімін күткен күрделі мәселелердің бірегейі автокөлік жолдарының жайы болатын. Десе де аталған бағытта қыруар іс қолға алынған. Саралайық…
Биыл Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 201,7 шақырымды құрайтын 253 көше орташа жөндеуден өтеді. Олардың 21-і магистралды көшелер. Сонымен қатар жыл соңына дейін 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Биыл Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері, А-2 айналма жолының 2-ші және 4-ші кезеңдері, Өтегенов көшесінің жалғасы, Адырбеков көшесін қайта құру және Бәйдібек би-Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталады. Жалпы, бүгінде мегаполис аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 066,1 шақырымы асфальттелген, қалғаны шағал тас төселген жолдар. Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен 2022 жылы үшінші мегаполисте 158 нысан бойынша жалпы ұзындығы 289 шақырым жолдарда құрылыс, қайта құру және жөндеу жұмыстары жүрген. Оның ішінде жаңадан салынған және қайта құрылған 3 нысан болса, 152 нысанда орташа жөндеу және 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүрген. Орташа жөндеуден өткен көшелердің арасында 9-ы магистралды жол. Олар – Республика даңғылы, Т.Рысқұлов, Ғ.Иляев, Ж.Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Мангелдин және К.Тоқаев көшелері.