«ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМҒА ҚАДАМ» АТТЫ ЖИНАЛЫС ӨТТІ
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның ең өзекті түйткілдерінің бірі. Жасыратыны жоқ, елімізде бұл мәселемен күрестің күшейгеніне біршама уақыт болды. Қаншама заңнан аттаған бұрыншы шенеуніктер темір торға тоғытылды. Дегенмен мәселе мұнымен толықтай шешілді деуге әлі ерте. Тіпті, қазіргі күннің өзінде қара бастың қамын қоғамның игілігінен артық қоятындар кездесіп жатады. Мұның өзі жемқорлықты түпкілікті жою мүмкін емесін аңғартқандай. Яғни бұл мәселемен күрес сана деңгейінде жүруі керек. Сәйкесінше, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар көп.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында орналасқан білім ордаларында аталған тақырыпты арқау еткен жиындар өткізіліп келеді. Жалпы сыбайлас жемқорлық – қоғам мен мемлекетті іштей ыдырататын әлеуметтік құбылыс. Өкінішке орай бүгінде жемқорлықпен күрес елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Жемқорлықтың қандай түрі болмасын, қоғам үшін қауіпті. Сыбайлас жемқорлық жайлаған қоғам жан-жақты дами алмайды. Сондықтан мұндай өзекті мәселенің тамырына балта шабуға тиіспіз. Осы орайда, Түркістан қаласындағы Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінде 2024 жылдың 16 қыркүйек күні «Жемқорлықсыз қоғамға қадам» тақырыбында жиналыс өтті. Жиналыс барысында білім ордасының тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі А.Махметов, мектеп инспекторы С.Бекболатов баяндама жасады. Жиналыста сыбайлас жемқорлықсыз, парасыз қоғамды қалыптастыру кеңінен талқыланып, жемқорлықсыз қоғам құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау туралы бейнероликтер көрсетілді. Сыбайлас жемқорлықпен күреске барша қоғам болып күресуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жемқорлықпен толассыз күресе беретін болсақ,болашағымыздың жарқын болатыны,егемен еліміздің ертеңіне деген сеніміміздің үстелмейтіні ақиқат. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу — барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы. Осы және өзге де ойлар қаузалған жиналыста қатысушылар жан-жақты біліп, тақырып төңірегіндегі сауалдарына жауаптар алды.
Қалың оқырманның жадында болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде «Баршаңызға мәлім, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Біз соңғы жылдары осы салада бірқатар маңызды қадам жасадық. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Бұл салада талапқа сай келмейтін судьяларға орын болмауға тиіс. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Бұл – осыған дейінгі он жылдағы көрсеткіштен үш еседей артық. Былтырғы шілде айынан бастап елімізде әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 талап-арыз түскен. Бұрын мұндай істердің 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Ал, қазір, тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шығуда. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды» деп атап өткен болатын. Осы орайда, соңғы жылдар ішінде еліміздегі барлық билік тармақтарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар мен бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде бірқатар құқықбұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар да көрілді.