ШАЛҒАЙ ЕЛДІ-МЕКЕН ЖАСТАРЫНА АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

242
0

Бүгінгі жастар – ертеңгі еліміздің болашағы. Сондықтан өскелең ұрпақтың өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезініп, елдің дамуына еңбек сіңіруі үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан жұмыстар аз емес. Тіпті, мемлекет басшысының өзі әр сөзінде тілге тиек етіп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр.

Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында былай деген еді «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді». Өз кезегінде, қазіргі таңда жастардың кәсіп бастап нәсібін көруіне арналған мемлекеттік қолдаулар жетерлік. Дегенмен мұны баршаның білуі үшін ақпараттық насихат жұмыстарының қажет екені айтпаса да белгілі. Ал Шымкент қаласында бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар қыруар. Атап айтқанда, Жастар ресустық орталығының ұйымдастыруымен Забадам елді мекені жастарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шара мақсаты — шалғай елді мекендегі жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу және азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау. Шара барысында шалғай орналасқан елді мекен жастарына мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары, атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны», «Ұрпақтар келесімшарты» мен 2,5 пайызбен несие жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін жүзеге асырылған жұмыстардың арқасында мемлекеттік қолдауды пайдаланып, кәсіп ашып жатқан жастар баршылық. Мұның өзі қала жастарының белсенділігі мен нәтижелі жұмысын айғақтайды.