ҮШАУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

84
0

Білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі – орын тапшылығы. Саланың өрге басуы үшін түйткілді түйіндер ағытылуы тиіс. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтқан болатын.

Нақтырағы «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деп атап өткен болатын. Осы орайда, Шымкент қаласында ел Президенті атап айтқан пилоттық жоба аясында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады. Бұдан бөлек, орын тапшылығын шешу мақсатында оқу ғимараттарының жанынан қосымша корпустар та салынуда. Бүгінде мұндай жұмыстар үшінші мегаполистегі 7 білім ордасында жүргізілуде. Осы аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов аумағы кеңейтіліп жатқан бірқатар білім ошақтарының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша 600 орындық оқу корпусы бой көтеруде. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта сынып бөлмелері, кітапхана, логопед кабинеті, спортзал, 220 орынға арналған асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №45 мектеп-гимназиясында да болып, 300 орынға арналған 3 қабатты қосымша ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстарын қадағалады. Заманауи талапқа сай салынған оқу корпусында сынып бөлмелерінен бөлек, спортзал, зертхана бөлмелері, 78 орынға арналған асхана қарастырылған. Нысандарды аралау барысында қала әкімі «Ғимараттардың интерері классикалық үлгіде болуы керек. Бұл ретте дизайнерлермен тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Құрылысқа қатысты өзекті мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс» деп атап өтті. Бұдан бөлек, Мұрат Дүйсенбекұлы М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназиясының да қосымша корпустарының құрылысын тексерді. 1100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320 орындық асхана құрылысы жобаланған. Қала әкімі жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай саяқтап, үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.