ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ЖАҚЫННАН ТАНЫСТЫ

72
0

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жастардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып келеді.  Мәселен, жуырда Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Өз еліңді танып біл» жобасы аясында «Al-Farabi academialiq» мектебінің оқушылары Бейнелеу өнері музейіне экскурсия жасады.

Бұндай экскурсиялардың мақсаты – жастарға қаламыздағы белгілі орындар мен тарихи мекендерді кеңінен насихаттау. Қаламызда орналасқан Бейнелеу өнері музейінде болған жастар, ондағы әрбір картинаның шығу тарихы мен мағыналарын тереңінен түсініп, қылқалам шеберлері мен жас таланттарының шығармаларымен таныс болды. Бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов мұндай бастаманың маңызы мен мәні турасындағы ойын былайша тарқатты «Біздің музей Қазақстандағы ең белді музейлердің бірі болып табылады. Мұнда көптеген танымал суретшілердің картиналары сақтаулы тұр. Жалпы айтқанда, сурет – адамның ішкі бейнесін көрсетеді. Картиналарға қарағанда адамның ішкі әлемі мен жан дүниесі демалады. Осындай тарихи орындарда сіздердей белсенді жастарды көру бізге бақыт». Тағылымды шара барысында жастар көкейіндегі сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасып, өзге де мәдени орталықтардың жұмысымен жақынырақ танысудың маңызы зор екенін алға тартып, музей ұжымына алғыстарын білдірді. Айта кетейік, Бейнелеу өнері музейінде 2014 жылдан бері шет елдерден әкелінген тарихи құнды заттар мен бейнелеу өнерінің туындылары сақталып келеді. Айта кету керек, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» жобасы аясында бітіруші сыныптағы оқушылары арасында коуч-тренерлердің қатысуымен семинар-тренинг өткен болатын. Шара мақсаты – жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, жас ұрпақты белгілі бір мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу, кәсіптік қызығушылығы мен бейімділігін және қабілетін дамыту. Іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Шотанов Мұратжан Шүкірханұлы, педагог-психолог Марал Жұмагелдіқызы және №65 мектеп-гимназиясы мен №25 мектеп-гимназиясының бітіруші сынып оқушылары қатысты. Жиын барысында «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде жастар туралы «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң ­ бастамаларына қолдау көрсету» деген болатын. Осы мақсатта сіздерді болашақ өмірге дұрыс бағыттау, мамандық таңдауға сәтті қадам жасауларыңызды негізге ала отырып, «Болашаққа қадам» жобасын іске қостық. Бұл жобада – сіздерге кәсіби бағыт-бағдар беруге бағытталатын үлкен көмек болмақ» деді Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы.