3 СУ АРНАСЫНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

66
0
Шымкент қаласы аумағында жалпы саны 34 су арнасы 2 өзен бар. Соның ішінде қазір 3 су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Арнайы өлшем жүргізіліп, жерді құрылыс жұмыстарына дайындап, бетондалған арық жүйесі орнатылуда.
Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Чумчак, Сай ниже водопада және Шапырашты су арналарына жауапты мердігер мекемеден 27 техника 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Аталған су арналарының жөндеу жұмыстары аяқталған соң шаруаларға су беру маусымын бастау жоспарланып отыр. Мердігер мекеме басшылары 1 мамырға дейін жұмыстың 85 пайызы орындалатынын жеткізді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Шымкентте жалпы 34 канал бар. Оның ішінде 27 канал ауылшаруашылығы бағытында қолданылса, 7-і ирригациялық мақсатта пайдаланылуда. Өткен жылдың деректеріне сүйенсек, ұзындығы 57,2 шақырымды құрайтын 5 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оның екеуі 2021 жылдан жылдан өтпелі болса, үшеуіне күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған. Каналдардың құрылысы аяқталғанда су өткізу қабілеттілігі ұлғайып, жаңадан 1700 га егіс алқабы игеріледі. Бұған дейін шаһар басшысы қаладағы каналдардың маңызы турасында былай деген болатын «Каналдар калаға ауылшаруашылық үшін су жеткізудің негізгі көзі болғандықтан оларды күтіп ұстау мен тиімді пайдалану аса маңызды. Жөндеуден өткен каналдардың су өткізу қабілеті де жоғарылайды. Бұл өз кезегінде шаруалардың дәнді-дақылдар мен көгөніс және мал азықтық өнімдерін жетілдіруге мүмкіндігін арттырады. Сондықтан құрылыс барысында бетондаудың технологиялық талаптарын сақтап, жұмыстар өз мерзімінде аяқталуы тиіс». Жалпы өңірдегі ағын су мәселесі шешімін тапса, егістік алқаптарды игеруге кеңінен ықпал етпек. Сонымен қатар көктемгі уақытта су басу қаупінің алдын алуда да айрықша мәнге ие екенін ұмытпағанымыз жөн.