ҚАРАТАУ АУДАНЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚТАЙ ҚАМТЫЛАДЫ

71
0

Жыл басынан бері Қаратау ауданына қарасты орталық көшелердің бойына және көп қабатты үй аулаларына 5000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл туралы Қаратау ауданы әкімі Рахымберді Мүлкеманов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингте атап өтті.

«Қаратау ауданының аумағы — 19 500 гектар, 190 мыңнан астам тұрғыны бар. Аудан аумағында 18 елді мекен, жалпы көшелер саны – 595, демалыс орындарының саны – 7. Биыл Сайрам және Қызылсу елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, аудан аумағындағы барлық елді мекен толық сапалы ауыз сумен қамтылады. Елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызды құрайды. 2025 жылға дейін табиғи газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 74 көшеге асфальт жабындысы, ал 33 шақырымды құрайтын 41 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізіледі» деді аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов. Аудан әкімінің айтуынша, «I-KOMEK 109» ситуациялық орталығына биыл тұрғындардан 341 өтініш түскен. Оның 325-іне жауап жолданса, 16 өтініш бойынша жұмыс зерделеніп жатыр. Аудан әкімдігі тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде шешу үшін кері байланыс орнатып, мәселемен жіті танысып, жүйелі жұмыс жүргізген. Көше жарықтандыру, аулаларды абаттандыру бойынша да біршама жұмыс қолға алынып, аумақтағы орталық 91 көшеге кешкі шам орнатылған. Атап айтқанда, өткен жылы 30 көшеге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жарық жүйесі жүргізілсе, биыл аудан аумағындағы 21 көше жарықтандырылмақ. 2025 жылға дейін аудан аумағындағы 150-ге жуық көшеге жарық шам орнату жоспарланған. Айта кетейік, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі де назардан тыс қалмапты. Тұрғындардың өтініші негізінде 240 орынға жыл соңына дейін бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр.