ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР МЕН ТҮЙТКІЛДІ ТҮЙІНДЕР ТАРҚАТЫЛДЫ
Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Әсіресе, пандемиядан кейін аталған салаға айрықша көңіл бөлінуде. Өз кезегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы Жолдауында денсаулық сақтау ісіндегі қызмет көрсету сапасын арттыру міндетін жүктеген болатын. Осы орайда, өткен аптада ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек баспасөз брифингін өткізіп, бірқатар маңызды сауалдарға жауап берді.
Спикердің сөзінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 1 162 238 тұрғынның әлеуметтік медициналық сақтандырылғандар саны 930 900 болса, сақтандырылмаған азаматтар 231 338 құрап отыр. Айта кететіні, сақтандырылмағандар халықтың ішінде жұмысшылар, азаматтық құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс жасаған тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлемдерін жүргізгендер мен әрі-қарай дербес төлеуші болғандар мен басқа да тұлғалар бар. Соңғы 12 айда МӘМС-ке төлемдер түспеген тұлғалар саны 164 148 құрайды. Өз кезегінде, аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Мәселен, Шымкент қаласында әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру барысы бойынша ағымдағы жылдың 4 айында халық арасында 227 кездесу ұйымдастырылып, 4 915 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 1 274 азаматқа кеңестер берілген. 3814 көрнекі ақпарат таратылған және ілінген. Сонымен қатар 192 аудио және 194 видео роликтер көпшілік орындарда көрсетілуде. Осы жылдың 1 тоқсанында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша жедел өзара іс-қимыл жөніндегі алқа мәжілісінің отырысы да өткізілген. Нәтижесінде 2022 жылды бүгінгі күнмен салыстырлғанда қала тұрғындарының саны 1 111 815 -ден 1 162 238-ге өскен, оның ішінде сақтандырылғандар саны 883 271-ден 930 900-ге өскен, яғни 2022 жылдың 1 сәуірінен осы күнге дейін 47 629 адам сақтандырылған.