ИМПОРТТЫҚ ӨНІМДІ АЛМАСТЫРУҒА ҚАУҚАРЛЫ КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

64
0

Өндіріс орындарының көбеюі экономиканың дамуына тың серпін береді. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етері белгілі. Бүгінде Шымкент қаласында бірқатар өндіріс орындары ашылып жатыр. Ал шаһар басшысы Мұрат Әйтенов жаңадан жұмысын бастаған кәсіпорындарға барып, жұмыс барысын ұдайы бақылап келеді.

Жуырда үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар өнеркәсіп орындарын аралады. Нақтырағы, жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриялық аймағына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.  200 млрд теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 млрд теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді. Қала әкімі іске асырылатын әрбір жобамен танысып, өзекті мәселелерін талқылады. Тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Бұдан бөлек, Шымкентте биыл шыныдан шыны конструкциялар өндіретін жаңадан «Авангард» зауыты ашылады. Қала әкімі аталмыш кәсіпорынға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Толығымен ішкі нарықты қамтиды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Құрал-жабдықтар орналастырылуда. Сонымен қатар шаһар басшысы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан Орталық Азияда теңдесі жоқ алюминді банкілер шығаратын зауытына табан тіреді. «KazALPack» ЖШС-ның көлемі – 6 гектар. Инвестициялық жобаның құны — 23,4 млрд теңге. Жылына 500 млн қақпағы бар банкі шығаруға қауқарлы кәсіпорын 157 адамды жұмыспен қамтып отыр. 80 пайыз ішкі нарыққа, 20 пайыз сыртқы нарыққа шығарылады. Өткен айда техникалық пайдалануға берілді. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60 пайызын алмастырады. Айта кету керек, үшінші мегаполисте шағын және орта бизнес айрықша қарқынмен дамып келе жатыр. Кәсіппен айналысуға ниетті азаматтардың да қатары қалыңдаған. Мемлекеттік бағдарламалар жоғары деңгейде түсіндірілуде. Өз кезегінде, мемлекеттік грантты жеңіп, өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып отырғандар жетерлік. Салада қолға алынар жұмыстар мұнымен шектелмейді. Болашақта да кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасала бермек.