ТҰРАНДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

79
0
Шымкент қаласына қарасты Тұран ауданында жүзеге асып жатқан жұмыстар көп. Бұл жөнінде ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Боранбай Болатбеков айтты. 
Жыл басынан бері Тұран ауданы тұрғындармен 32 рет арнайы кездесу өткізілді. Кездесулер барысында 112 мәселе көтеріліп, бүгінде оның 49-і шешімін тапты. Ал, 63 мәселе бойынша жұмыстар атқарылуда. «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасына сәйкес, әр аптаның сәрсенбісі күні сағат 18:00-де Тұран ауданы әкімі аппаратының Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфир өткізіледі. Тікелей эфирде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар жауапсыз қалмайды. Сондай-ақ, әр аптаның жұмасы күні сағат 15:00 – 19:00 аралығында аудан тұрғындарын қабылдау өткізіледі. Жалпы 2023 жылы Тұран ауданы аумағындағы орталық көшелер бойындағы қоқыс жәшіктері жаңартылуда. Қазіргі уақытта Қонаев, Республика даңғылы, Мангельдин, Байтұрсынов, Асқаров және Момышұлы көшелерінің бойындағы қоқыс жәшіктері жаңартылды. Алдағы уақытта Темірлан тас жолы мен Республика даңғылы бойына орнатылатын болады. Жиында аудан әкімі «Өздеріңізге мәлім, қазіргі уақытта Тұран ауданында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Жарқынбеков №17, Бәйдібек би №246, Мангельдин 40, Отырар №52 көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында және Құрсай елді мекеніндегі Құлантөбе, Ұзынағаш көшелерінде, Ақтас және Арғымақ елді мекендерінде балалар ойын алаңшаларының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бекітілген жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта аудан бойынша 366 ойын алаңшасы бар. 2023 жылдың қорытындысымен, Тұран ауданында барлығы 10 балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, биыл Тұран ауданына қарасты 10 аумақта ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда» деп атап өтті.