ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛҒАЛЫ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАР ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

79
0
Қала аумағында суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын белгіленген оның ішінде үшеуіне шомылуға рұқсат етілген. Қазіргі таңда шомылуға рұқсат етілген су айдындарының түбін тазалау бойынша дайындық жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңына өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Нұржан Қаракөзев айтты. 
Спикердің айтуынша, суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында, тыйым салынған 13 орын белгіленген және осы орындарға шомылуға тыйым салынғаны туралы тақтайшалар қойылған. Департамент Білім басқармасына қарасты 151 мектепте судағы қауіпсіздік ережелері туралы стендтер орналастырды. WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы мектептер мен балабақшалардың «Ата-аналар» топтарына жаднамалар мен бейнероликтер арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жазғы шомылу маусымы кезінде су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету төтенше жағдайлар Департаменттің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Өңірдің климаттық жағдайына байланысты, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар сәуір айынан бастап қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Дегенмен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері алдағы жаз айларында ата-аналарды сақ болуға шақырады.  Өйткені балаларды қараусыз қалдыру мен бақыламаудың соңы орны толмас өкініштерге ұрындыруы бек мүмкін. Сол себепті де сала мамандары ұсынған кеңестерге бей-жай қарауға әсте болмайды. Суға шомылу маусымында тек арнайы белгіленген жерлерге ғана бару керек.