ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ БАС ҚОСТЫ

72
0
Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Қауіпсіздік – 2023» көрмесі өтіп, онда киберқауіпсіздік, бейнебақылау, өртке қарсы қорғаныс және қауіпсіздік жүйелері нарығының ең сұранысқа ие қызметтері ұсынылды.
Аталған шараның маңызы турасында «Жыл сайын халықтың қауіпсіздікке қызығушылығы артып келеді. Сондықтан біз осы саламен айналысатын, нарықта жүрген компанияларды шақырдық. Осында кәсіпорындардың, тұрғын үйлердің, пәтерлердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін заттардың түр-түрін табуға болады. Индустрия бір орында тұрмайды. Нарықта әсіресе, заманауи бейнебақылау, қозғалысты анықтайтын құрылғылар сұранысқа ие. Бұрын бейнебақылау ақ-қара түспен көрсетілсе, қазіргі камералар түрлі-түсті әрі ақылды саналады. Одан бөлек, қазір GPS жүйесімен ғаламтор арқылы әлемнің басқа бір бұрышынан өз объектіңді бақылап отыра аласың. Көрме сала мамандарына тәжірибе алмасуға және өсуге мүмкіндік беретін бизнес дамудың ең тиімді платформасы болып қала береді», – дейді Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы. Жалпы бұл басқосу қауіпсіздік құралдарын өндірушілердің, монтаждау және жобалау ұйымдарының, түпкілікті тапсырыс берушілердің, қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдар, күштік ведомстволар мен бейінді бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басты кездесу орнына айналды. Көрмеде ұсынылған құрал-жабдықтар төтенше жағдай сала мамандарына да тәжірибе алмасуға және кәсіби жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» дейді халық даналығы. Осы тұрғыда халықтың жиналған қарасына қарап, көрмеге қызығушылығы байқалады. Жалпы мұндай көрмелердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту мен саланы ілгерілетудегі маңызы айрықша. Бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.