ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Таза қала» кезеңі аясында Созақ ауданында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға аудан ардагерлері, тұрғындар және белсенді жастар атсалысты. Шара барысында саябақтар, ішкі көшелер, ауыл маңындағы арықтар мен су өткізгіш құбырлар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Шараға арнайы қатысқан ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Бүркіт Арынбеков тазалық жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, экологиялық жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.
– Тазалық тек қоршаған ортаны ғана емес, біздің өмірімізді де айтарлықтай жақсартады. Әрбір адам таза ортада өмір сүруге құқылы. Біз тазалықты сақтау арқылы өз денсаулығымызды жақсартып, экологияға оң әсерімізді тигіземіз. Сондықтан, баршамызға маңызды болып табылатын бұл бастаманы мен толық қолдаймын. Барлық тұрғындарды және жастарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсене қатысуға шақырамын, – деді Бүркіт Арынбеков.
Сонымен қатар гір тасын көтеру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Баби Орынбасар да шараға қатысып, өз пікірін білдірді.
– Спортшы ретінде таза ортада жаттығу жасаудың, таза ауада демалудың денсаулыққа өте пайдалы екенін жақсы білемін. «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы еліміздің әрбір қаласы мен ауылын таза ұстауға, қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға үндейміз. Кішкентай әрекеттер, мысалы, қоқысты қоқыс жәшігіне тастау, жасыл алаңдарға зиян келтірмеу сияқты әрекеттер үлкен өзгерістерге әкеледі, – деді жас спортшы.
Айта кетейік, тазалық жұмыстарына 4 мыңға жуық тұрғын мен белсенді жас қатысып, 28 техника жұмылдырылды. 36 шақырым көше бойы, 17 шақырым аяқжол, 28 балалар мен спорт алаңшалары, 38 көпір, канал және өзен арналарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 115 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.