РЕСЕЙЛІК ИНВЕСТОРЛАР ШЫМКЕНТКЕ ҚАРЖЫ ҚҰЙМАҚ
Ел президенті Қасым Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген жиында «Үкімет нақты салалардағы ірі шетелдік серіктестермен нәтижелі жұмыс істеп жатыр, дегенмен күш-жігерді арттыра түсу қажет. Интерактивті инвестициялық картаны құру, әр өңірдің инвесторлары мен инвестициялық жобаларының цифрлық дерекқорын іске қосу қажет» деген болатын. Осы орайда, Шымкент қаласында тікелей шетелден инвестиция тарту бойынша бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Жалпы Қазақстанның іргелес көрші елдермен тиімді ынтымақтастық орнату бағытындағы саяси шешімдері Ресейге салынған санкциялардың теріс әсерін азайтуға және дағдарыс кезіндегі экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Қазақстан осы уақытқа дейін жүргізген дипломатиясы арқылы Ресеймен қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысып келеді. Қос елдің стратегиялық әріптестігін нығайтуда тұрақты кездесулер мен ең жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 26,1 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Ресейге экспорт 25%-ға өсіп 8,8 млрд долларды құрады. Өз кезегінде, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент пен Ресей арасындағы экономикалық байланыс жылдан жылға артуда. Ресей инвесторларымен қалада ірі инвестициялық жобалар іске асып келеді. Мәселен, «Hevel Kazakhstan» ЖШС (Ресей) – инвестициялық құны 6,2 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 50 МВт Күн электр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда ресейлік «Бона Файд Групп» ЖШС инвестициялық құны 60 млн теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 252 мың дана әйелдер фитнес киімдерін өндіретін жобаны бастап кетті. Өндіріс орны 2023 жылы іске қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта «Гекса» ЖШҚ инвестициялық құны 3,2 млрд теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алмақ. Өндіріс орны жылына 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығарады. Іске асыру мерзімі – 2023 жыл. Инвестициялық құны 1,3 млрд теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 300 мың м3 темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарланған. Ресейлік «ДСК 17» ЖШС іске асыратын зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталады.