«ЖАСЫЛ ҚАЛА» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ЖОСПАРЛАР ІСКЕ АСУДА
Шымкентте «Жасыл қала» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы жиын өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аталған бағдарламаның мақсаты – қаланы көгалдандыру, агро-ауыл шаруашылығы белдеуін дамытып, сақтау және әлемдік мегаполистер тәжірибесі бойынша жаңа бау-саябақ мәдениетін құру. Ауқымды жоба мегаполистің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері талқыланған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен Орталық Азия бойынша Еуропа қайта құру және даму банкінің қатысып, бірлескен іс-шаралар жоспарын пысықтады. Жобада жер, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауаның ластануы, орталық жылу жүйесі, көлік кептелістері мен қалдықтарды залалсыздандыруға қатысты қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешудің инвестициялық жобалары мен іс-шаралары қарастырылған. «Консультанттардың халықаралық тәжірибесі бізге қаланы тұрақты дамытуда оңтайлы техникалық шешімдер мен ұсынымдарды қарастыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Біз жоспар шеңберінде қаламызда қоғамдық көліктердің баламалы түрлерін енгізу, агломерациямен көлік мәселесін шешу, суару секторы, энергияны үнемдейтін сыртқы жарықтандыру, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отырмыз. Жоспарды жүзеге асыруға әкімдік құрылымындағы тиісті басқармалардан бөлек азаматтық қоғам, бизнес, сарапшылар қауымдастығының өкілдері де белсенділік танытады деген сенімдемін», — деді қала әкімі. Айта кетейік, 2018 жылы қабылданған «Жасыл қала» бағдарламасында көгалдандыру, ауыл шаруашылығы белдеуін дамыту, әлемдік мегаполистер тәжірибесімен бау-саябақ мәдениетін құру мақсатындағы кешенді жоспарлар қарастырылған.