ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНДЕ КӨК ТУДЫ ӘУЕЛЕТКЕН АВТО ЖӘНЕ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

73
0

Шымкентте Рәміздер күнінің құрметіне бірнеше іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі 23 мың жанкүйердің Әнұранды бірге қосыла шырқағанымен ерекшеленсе, бірінде авто және велошерумен жалғасып жатты.

Ал Тәуелсіздік саябағындағы Рәміздер алаңында Әнұран шырқалып, көк Туды әуелетіп, егемендіктің басты белгілеріне құрмет көрсетілді. Іс-шараға әскерилер, күштік құрылым басшылығы, депутаттар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Меркелік іс-шарада патриоттық әндер орындалып, әскери оркестрдің музыканттары өнер көрсетті. Әсіресе, ардагерлер бірге қосылып шырқаған патриоттық әндер көпшілікті сүйсінтті. Мерекеге қатысқан әр шымкенттіктің қолындағы көк жалаулары рухты көтерді. Патриоттық іс-шара аясында Ордабасы алаңынан Бәйдібек би ескерткішіне дейін Мемлекеттік туды желбіреткен 50 авто мен 80 велошеру көшелермен жүріп өткені де қала тұрғындарына рух беріп, мерекелік күннің абыройын асқақтатты. Айта кетейік, кеше Шымкентте өткен футбол чемпионатында 23 мың жанкүйер еліміздің Әнұранын орындады. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда футболдан Қазақстан чемпионатының аясында «Ордабасы» мен «Атырау» командалары арасындағы кезекті ойын өтті. «Ордабасы» командасы өз алаңында 2:1 есебімен кезекті жеңіске қол жеткізді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов те өз командасына жанкүйер болып, қолдау көрсетті. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында өткен футбол бәсекесіне жанкүйерлер көп жиналды. Ойын барысында көк Туымыз желбіреп, 23 мың футбол жанкүйері әлемге әйгілі опера жұлдызы Майра Мұхамедқызымен бірге Әнұранды шырқады. Осылайша жанкүйерлердің қолдауынан қуат алған жерлестеріміз Қазақстан Премьер-лигасындағы кезекті ойынды жеңіспен аяқтады.