ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ АУМАҒЫНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 87 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАП ОТЫР

98
0

Шымкентте инженерлік инфрақұрылым саласында ауқымды істер атқарылып жатыр. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполиске қарасты көптеген елді мекендер мен шағынаудандардағы өзекті мәселелер де шешімін тауып жатыр. Мәселен, бір ғана Әл-Фараби ауданы аумағында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 87 пайызды құрап отыр, — деп хабарлайды uakit.kz.

Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев ауданда ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына берген баспасөз брифингінде айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында да айтты. Жиын барысында «Ағымдағы жылы Шолохов көшесін кәріз жүйесімен қамту жұмыстары толығымен аяқталып қолданысқа берілді және Хлопзавод көшесінде жұмыстар атқарылуда» деді аудан басшысы. Жалпы Айқап-Түркістан шағынауданында барлығы 21 көше бар. Бүгіні таңда оның ішінде 11 көшеге кәріз жүйелері жүргізілген. Қазіргі кезде 10 көшеге кәріз жүйелерін жүргізу бойынша демеуші есебімен «Батыс-Алга LTD» ЖШС тарапынан жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2023 жылы құрылыс жұмыстары жүргізу жоспарлануда. Ақжайық шағынауданында кәріз жүйесін жүргізу 2023 жылда жұмыстары аяқталып, 30 көшеге кәріз жүйесіне енгізіледі. Ал «Химфарм» шағын ауданына кәріз жүйесін жүргізу бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген, нәтижесінде 20 көшеге кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірлеу 2023 жылдың жоспарына енгізілген.

Қазіргі уақытта үшінші мегаполистің 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты биылғы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. Атап айтқанда, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. Бұл дегеніміз 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесін пайдалану мүмкіндік алмақ. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.