КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

63
0
Шымкентте микроклиматты жақсарту бойынша төрт кезеңді қамтитын жұмыс жоспары жасалған. 5 маусым – қоршаған ортаны қорғау күні аясында, бүгін ауқымды жоба іске қосылып, қаладағы үш көшенің бойында орналасқан арықтарда су жүре бастады. Бұған қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Басқарма басшысы Ержан Жақсылықұлы микроклимат, көгалдандыру, қала тазалығы мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
–Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында микроклиматты жақсартуда үлкен жобамыздың бастамасын қолға алдық. Ішкі көшелердегі арық бойымен жүріп өткен су арқылы салқын ауа болады. Сондай-ақ қураған шөптердің көгеріп жатқандығы байқалуда. Бұл арқылы микроклимат жақсарып қана қоймай, ирригациялық арықтарда да мәселе туындамайтын болады. Мамандардың бақылауымен жыл соңына дейін 13 көшенің бойымен су жүргізу жоспарланып отыр. Ал, БМК каналының құрылысы толық аяқталған уақытта қаладағы барлық көшелердің бойындағы арықтарда су жүреді. Мұның жұмысы төрт кезеңге бөлініп жүзеге асады,–деді Е. Жақсылықұлы.
Сондай-ақ қалада тұңғыш рет 300 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық өңдеу зауыты салынбақ. Бұл жобаны іске асыру үшін шетелдік инвесторлар тартылған. Қазіргі таңда қала әкімдігі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қала тазалығын жақсарту мақсатында мобильді қосымша дайындалады. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағдарламасын жасайтын «Ренесанс» ЖШС мамандары. Дендросаябақ және Хан қорғаны маңындағы көгалдандыру жұмыстары да қарқынды түрде атқарылып келеді. Бір кездері қурап жататын «Хан қорғаны» төбесі бүгінде мавритандық көгалдармен жайқалып тұр. Айта кетейік, 2023 жылы 750 мың біржылдық гүл отырзылса, күзде 1миллион қызғалдақ егу жоспарлануда.