БАСТЫ БАСЫМДЫҚ- КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТІ ҚОЛДАУ

77
0
Қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 358 млрд.теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінге, қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық Коммуникациялар Қызметі арнайы баспасөз мәслихатында «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде жасаған баяндамасында айтты.
Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады. Жаңадан құрылатын аумақтардың екеуі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, үшеуі жаңадан құрылатын алаңдар. Оның ішінде, жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады, 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Айта кетейік, мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі — 161,3 млн теңгені құрайды. Жалпы 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін  10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Бұдан бөлек, тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру, синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады. Инвестиция тарту мәселесі — тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында.