ҰЛЫБРИТАНИЯ ЖӘНЕ СОЛТҮСТІК ИРЛАНДИЯ БІРІККЕН КОРОЛЬДІГІ МЕН ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ АРАСЫНДА ИГІЛІКТІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

67
0
Шымкент қалалық әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек және Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Джейн Личпен арнайы ресми кездесуі өтті. Кездесу мақсаты – елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа перспективаларын айқындау.
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар Қазақстан тәуелсіздік алған күннен басталған. Бұл жылдар аралығында мемлекетаралық байланыс сындарлы түрде нығая түсті. Мәселен, екі ел ынтымақтастығының бір көрсеткіші – қалалар арасында тығыз байланыс орнату. Стивендж қаласы мен Шымкент бауырлас қалалар. Екі қала арасында бұл күнде туризм бағыты бойынша байланыс бар. Кездесу сәтінде қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбек елшілік өкілдеріне қаланың экономикалық әлеуетін таныстырып өтті. Инвестиция тарту – қаланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру мақсатында екі елдің инвестициялық әлеуеті мен тартымдылығы туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру қажет екені айтылды. Кездесу нәтижесінде екі ел арасында игілікті жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Айта кету керек, инвестахуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда. Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру  көзделген. Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі — 161,3 млн теңгені құрайды. Жалпы 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін  10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.