СЕНАТОРЛАР АҚ ХАЛАТТЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Шымкент қаласына жұмыс сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қалалық Жүрек орталығының дәрігерлерімен кездесті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» газеті хабарлады.
Орталықтың Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Дархан Сүйгенбаев депутаттарды орталықтың жұмысымен таныстырып, жеткен жетістіктерді баяндады. Шымкент жүрек орталығы — бүгінде еліміздің екі ірі өңіріне бір мезгілде кардиологиялық, интервенциялық, аритмологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін жалғыз мамандандырылған орталық. Мұнда жыл сайын 8 мыңнан астам жүрекке түрлі деңгейде ота жасалады. Оның ішіндегі 550 ота жүрекке ашық түрде жасалатын ота. Күні кеше орталықта алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған. Мұнда заманауи жоғары технологиялық жабдықтар қолданылады. Атап айтқанда, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу жүйелері, ангиография көмегімен халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Орталықтың жоғары білікті дәрігерлері жүрек трансплантациясын қажет ететін науқастардың өмірін сақтап қалу үшін бірегей операциялар жасайды. Сенаторлардың орталық қызметкерлерімен кездесу барысында денсаулық сақтаудың проблемалық мәселелері және халыққа медициналық көмек көрсету сапасын арттыру шаралары талқыланды. «Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласын дамытуға аса назар аударылған. Жыл сайын республикалық бюджетті қарастыру кезінде біз денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың ұлғаюын байқаймыз. Мемлекет медицина қызметкерлерін қорғау мен қолдауды күшейту бойынша шаралар жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру шаралары қабылданады» — деп атап өтіп ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.