ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ САПАСЫ ЖАҚСАРЫП, ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛЕНГЕН

63
0
Үшінші мегаполисте 2020 жылы жолаушылар тасымалы мен қоғамдық көлікті дамытатын кешенді схема әзірленген болатын. Аталған жоспарда шаһардағы қоғамдық көліктер жаңасына ауыстырылып, электронды билет жобасын енгізу қарастырылған болатын.
Мұндай жаңалық шаһарда кезең-кезеңімен іске асырыла бастады. 2020 жылы тұрғындар мен қонақтарға резервпен қосқанда 895 қоғамдық көлік қызмет көрсеткен екен. Бүгінде 10 тасымалдаушы компаниның 1000-ға жуық қоғамдық көлігі жолаушыларға қызмет көрсетіп отыр. Қаладан шалғай орналасқан елді мекендерге жаңа бағыт ашылып, қала орталығына қиындықсыз қатынайтын жағдай жасалды. Сондай-ақ, қаладағы барлық қоғамдық көлік жаңа «Yutong» және «Ankai» маркалы заманауи көліктерге жаңаланды. Осылайша қоғамдық көліктің 90 пайызы жаңаланып, мегаполис мәртебесіне сай қызмет көрсету сапасы да артты. Сонымен қоса, 2021 жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге енгізілген «Төлем» электрондық билеттендіру жолаушылардың жолақысын төлеу жүйесін едәуір оңтайландырды. Бүгінде жолаушылар жол ақысын тек картамен ғана емес, байланыс операторларына көлік кодын хабарлама арқылы жіберу арқылы және көпшілік қолданатын Kaspi.kz қосымшасында QR код арқылы төлеу мүмкіндігі қаралған. Қазіргі таңда электронды көлік карталарының саны 700 мыңнан ал, күнделікті транзакциялар саны 350 мыңға жеткен. Айта кету керек, қазіргі таңда, әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 маршрут айқындалған. Аталған бағыттағы автобус маршруттары субсидиялар есебі арқылы қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алабтарды қоғамдық көлікпен қамтиды. Қалалық тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады. Аталған автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетуде, ал үшінші станциясының құрылысы қарқынды жүргізілуде.