ШЫМКЕНТТЕ МҮГЕДЕКТІКТІ АНЫҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДИНАМИКАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

34
0
Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар саны 20-ға жетіп, олардың қызмет сапасына жан-жақты талдау жүргізілді. Оның ішінде 4 ұйым үйде қызмет көрсетсе, 15-і арнайы орталықтар болып табылады. Үйде қызмет көрсететін мекемелер арасында Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№7 үйде қызмет көрсету» мекемесі мен үш үкіметтік емес ұйым – «Жігер», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» және «Алғыс» мүгедектер қоғамы жұмыс істейді.
Қаланың 15 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 9-ы талаптарға толық сәйкес деп танылды. Бұл мекемелер ішінде №1, №2, №3, №4, №5, №9, №10 орталықтар мен Қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларды бейімдеу орталығы бар. Дегенмен, кейбір мекемелерде талаптарға сай келмейтін тұстар анықталды. Мысалы, №6 орталықта пандустар, өрт қауіпсіздігі актісі және қолжетімділік талаптары орындалмаған. Құжаттарын енді өткізіп жатқан мекемелер қатарында «Қамқорлық» орталығы мен «Белсенді ұзақ өмір орталығы» бар.
Үкіметтік емес ұйымдар арасында да бірқатар кемшіліктер байқалды. «Балаларды ЖИТС-тен қорғау» қоры мен «Өркен» қайырымдылық қорының қолжетімділік, медициналық лицензия, тактильді жолдар және қызметкерлер саны бойынша талаптарды орындамағаны анықталды. «АсылАй» және «Рахмет саған, АНАҒА» сияқты бірлестіктерде өрт қауіпсіздігі актілері мен санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар жоқ.
Мүгедектік мәселесі бойынша да қалада статистика ұсынылды. 2025 жылдың қаңтар айына дейін мүгедектігі бар адамдар саны 41 496-ға жетіп, бұл көрсеткіш жалпы қала тұрғындарының 3,3%-ын құрады. Оның ішінде 33 551 адам – ересектер, ал 7 945-і – балалар. Ересектер арасында мүгедектіктің негізгі себептері жүрек-қан тамырлары аурулары (6 582 адам), психикалық бұзылулар (4 820 адам) және жарақаттар (3 713 адам) болып отыр.
Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Лицензиялау, инфрақұрылымның қолжетімділігі мен қызмет көрсету стандарттарын көтеру арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу басты назарда болмақ.