«АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА 50 МЫҢ ТҰРҒЫН САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ақжар» қосалқы станциясына барып, ондағы құрылыс жұмыстарына бірқатар шолу жасады. Жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайтын «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізілуде.
Қазіргі уақытта «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейінгі қазылған электр кабелінің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. Станцияда орнатылатын негізгі жабдық 110 кВ трансформаторы. Нысанның құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталатын болады. Нәтижесінде «Ақжар» станциясы арқылы 50 мыңға жуық халық, сондай-ақ сол аумақтағы бизнес нысандары электр қуатымен қамтамасыз етілуге мүмкіндік алады. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс сапасын назарға ала отырып, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Айта кету керек, қазір Шымкент қаласында сапалы электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанның атап айтқанда, 4 елді мекенде ішкі жүйелердің және қосалқы станса мен электр тарату бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сапалы жарық желілері Ынтымақ, Батыс, Тұран, Түркістан, Қайнар бұлақ, Нұрсәт, Бозарық, Асар елдімекендеріне тартылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Түркістан шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын пысықтады. Қазіргі таңда мұнда 8,6 шақырым электр желісі тартылып, 3 трансформатор стансасы мен 352 бағана орнатылды. Құрылыс 95 % аяқталған. Мұрат Дүйсенбекұлы жергілікті тұрғындардан электр қуатының төмендігі, апаттық жағдайлар бойынша өтініштер көп түсіп жатқанын ескертіп, жаңа электр желілердің құрылысын тамыз айына дейін аяқтап, тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды. Нысан іске қосылғанда 436 абонент үздіксіз жарыққа қол жеткізеді. Айта кетейік, биылғы алғашқы тоқсанда Батыс, Тұран, Қайнар бұлақ, Түркістан, Нұрсәт елдімекендерінде ішкі электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 153,2 шақырым электр желілері мен 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор мен қосалқы станция орнатылды. Нәтижесінде 10 мыңға жуық отбасы сапалы электр қуатымен қамтылды.