ШЕТТЕН КЕЛГЕН 700-ДЕН АСТАМ АЗАМАТ ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ
Шымкентте жыл басынан 506 отбасы тарихи отанына оралып, 714 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. 6 айға кандас мәртебесін ұзартқандар саны 34 отбасынан 46 адамды құраған.
Қандас мәртебесін алған азаматтардың 384-і ер адам және 330 әйел адам. Олардың 199 –ы 18 жасқа дейінгі жастар, 49 зейнеткер және қалған 466-ы еңбекке қабілетті азаматтар. Оның ішінде 74 адам жоғары білімді, 218 орта арнайы білімді, 156 азамат жалпы орта білімді. Қандастардың дені — Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Көрші елден 701 адам қоныс аударып отыр. Қытайдан – 3 адам, Ресейден – 7 азамат, Қырғызстаннан – 1 және Ауғанстаннан 2 адам келген. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда –саттықпен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысуда. Шымкентте оларға қолдау көрсету мақсатында 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Орталықта бүгінде 13 отбасынан 29 адамға бейімдеу қызметтері көрсетілуде. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына орталықта қандастарға тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда көмектер ұсынылып, кәсіби даярлау бойынша мамандықтарға оқыту, жұмысқа орналастыру қызметтері көрсетіледі. Қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 69 қандас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда бос жұмыс орындарына, жастар практикасы және әлеуметтік, алғашкы және қоғамдық жұмыс орындарына жолданған. 39 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алған. Айта кету керек, «қандас» мәртебесін алғандар бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiмен қамтамасыз етілген. Жергілікті халық секілді медициналық көмекпен қамтылып, мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдардан орындар беріліп, техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарында бiлiм алу мүмкiндiгiмен, басқалармен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен, жұмыспен қамтылу секілді жағдайлар жасалған. Мәселен, қандастар көшіп келу кезінде көлік құралдарын қоса алғанда жеке пайдалануға арналған мүлікке кеден төлемдерін төлеуден босатылады. Қазіргі таңда елімізге көшіп келіп, ісін дөңгелетіп, мемлекеттің қамқорлығын сезініп өмір сүріп жатқан қандастарымыз жетерлік. Әсіресе шекара асып жеткен қандастарымыздың арасында жеке кәсібімен айналысып жүргендер жетерлік екен. Ел дамуына атсалысып, туған жеріне келіп туын тіккен қандастарымызға барынша жағдай жасалуда.