СУ БАСУ ҚАУПІ БАР АЙМАҚТАР АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАРМЕН ТАЗАРТЫЛДЫ

58
0
27 тамыз ауа-райының жауын-шашынды болуына байланысты Шымкент қаласында су басу қаупі бар аймақтарға мердігер мекемелердің техникалары шұғыл түрде жұмылдырылып, жиналған суды тарту жұмыстары әрбір аудан аумағында жылдам жүргізілуде.
Атап айтқанда, Абай ауданы бойынша “KazStroiCapital LTD” ЖШС-інің 7 арнайы техникасы, 6 мотопомпа құрылғысы, 25 жұмысшы жауынның салдарынан болған су қалдықтарын тарту жұмыстарын атқаруда. Әл-Фараби ауданы бойынша “Таза Өлке” ЖШС-інің 15 арнайы техникасы және 2 мотопомпа, 25 жұмысшысы жұмылдырылды. Еңбекші ауданы бойынша “Группа Интеко” ЖШС-інің тарапынан 5-камаз, 3-мотопомпа, 1-насос, 2- ассенизатор, 22 жұмысшы қазір жаңбыр суларын тазартуда. Қаратау ауданы бойынша “Жасыл Жер Шымкент” ЖШС-інің 11 арнайы техникасы мен 3 мотопомпа құрылғысы және 20 жұмысшы су басқан жерлерді қалпына келтіруде. Тұран ауданы бойынша “Шымкент Спец Комплекс” ЖШС-інің 14 арнайы техникасы, 2 мотопомпа құрылғысы және 20 жұмысшы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта су басу қаупі бар орындар бақылауда.Айта кету керек, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы биылғы көктем оңай болмағанын, сондықтан су басу қаупінің алдын алу үшін екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды және тасқынға дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті. Шымкент қаласына келсек, 2023 жылдың көктем айларындағы жауын-шашын мезгілінде жалпы қала аумағынан су жиналу қаупі бар 58 орын анықталып, қазір 24 орынға ирригациялық арықтар орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала аумағынан ағып өтетін жалпы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын 2 өзен мен 34 каналдың жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, арналар қоқыстан тазартылуда. Алдағы уақытта қалған су басу қаупі бар көшелер мен аумақтар да арнайы техникалармен жабдықталып, тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау жалғасатын болады. Сондай-ақ, «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу жұмыстарына биыл жобалық сметалық құжат әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде. «2021-2023 жылдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы бойынша қала аумағындағы су шаю қаупі бар 6 елді мекен: Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабынан ағып өтетін «Бадам» өзенінің арнасын бекіту және нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде