ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

83
0
Шымкент қаласы ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында «Білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі мен жауапкершілігі» тақырыбында сарапшылық талдау өтті. Іс-шараның мақсаты білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың саламаттығын қамтамасыз етуде Шымкент қаласының мемлекеттік органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды және ұсыныс-пікірлерді медиа-алаңда талқылау.
Эксперттік жиынға Шымкент қаласының Полиция департаментінен, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен, Төтенше жағдайлар департаменттерінен, Білім, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және Денсаулық сақтау басқармаларынан салаға жауапты басшылар және БАҚ өкілдері қатысады. 2023 жылдың 31 тамызда ҚР Үкіметінің № 748 Қаулысы шықты. Қаулыда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шара барысында мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау бағытында мемлекеттік саясат қалай жүргізілуде және балалардың өмірін зорлық-зомбылықтан қорғау үшін мемлекеттік органдар қандай жұмыстар атқаруда осы және өзге де сұрақтарға жауап алатын боламыз. Шымкент қаласы бойынша білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қатаң бақылауға алынған. Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік негіздегі 150-мектеп, 10-колледж, 71-бала бақша бар. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері және «SOS» дабыл батырмалары толығымен орнатылған. Орнатылған бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары Шымкент қаласының Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» интеграцияланған. Одан бөлек қаладағы барлық мектептерге өткізу жүйесі (турникет) 100% орнатылып, I-дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін 100% келісім-шарт түзілген. Қала аумағында жалпы жеке меншіктегі 111-мектеп, 17-колледж, 533-бала бақша тіркелген. Жекеменшік білім беру ұйымдарында ҚР білім және ғылым министрлігінің 30.03.2022 жылғы № 117 бұйрығында көрсетілген талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері орнатылған. Алайда орнатылған бейнебақылау жүйелері 54-мектеп, 3-колледж, 8-балабақшада ғана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Қалған жекеменшіктегі ұйымдарға аталған бағытта ескерту хаттар жолданып, түсіндіру жұмыстары бірнеше рет жүргізілген. Арнайы бекітілген полиция қызметкерлері оқушылардың сабаққа қауіпсіз келіп кетуін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі ауысым кезінде мектептердің алдында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқаруда. 2022-2023 оқу жылында мектеп ішінде және мектепке жататын аумақта оқушылармен және оқушыларға қатысты қылмыс орын алмаған.