ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ «БОЗАРЫҚ» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНДА БОЛДЫ

41
0
Бүгін қаламызға жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысу мақсатында келген ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Бозарық” қосалқы станциясында болды.
Қаланың солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы іске қосылған станция қуаттылығы 160 МВт кВ құрайды. Бүгінде қосалқы станцияның жүктемесі 47 МВт-қа жеткен. Нысан “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында. Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 автотрансформатордың біреуінде ақау пайда болып, істен шыққан болатын. Автотрансформатор серіктестік көмегімен қайта қалпына келтіріліп, жуырда іске қосылды. Сондай-ақ, ведомство басшысының орынбасары мегаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың кешенді жоспарымен танысты. Айта кету керек Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекова мәлімдеді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті» — дейді Айсұлу Қуанышбекқызы.