ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАҒАН ЕРТЕҢГІЛІК

84
0
Шымкентте №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жаңа жыл мерекесіне орай ертеңгілік өтті. Көңілге қуаныш, жүрекке үміт сыйлаған таңғажайып шарада қамкөңіл балалар қиял-ғажайып әлемге саяхаттады. Бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақар бас қонағы болған сахналық қойылымды тамашалап, мәз-мейрам болды. Ертегілер әлемінің түрлі кейіпкерлері мен жарқыраған жасыл шырша орталық мамандарының қызмет алушылары үшін мейіріммен әзірленген мерекелік тартулары.
Ерекше балаларға арналған Жаңа жылдық ертеңгілікке Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева арнайы қатысты. Мейірім мен ізгіліктің жаршылары әрі арда мамандық иелері саласының басшысы ертеңгілікте ерекше балаларға құттықтау тілегін жеткізіп, сыйлықтар табыс етті.
Өкініштісі, әлеуметтік оңалту орталығында төсекке таңылған балалар да бар. Ерекше күтімді қажет ететін қызмет алушыларды Жанат Өмірсейітқызы бөлмелеріне барып құттықтады.
№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жүйке-жүйелерінің ауруы салдарынан балаларда түрлі ауытқулары бар. Орталық мамандарынан әрқайсысына айрықша көңіл бөліп, жеке оңалту шараларын жүргізу талап етіледі. Білікті мамандар «нейроинфекциялары мен инсульттарының салдары», «Эпилепсия» диагноздары бойынша тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қимыл-қозғалысын оңалтуға бар күштерін жұмсауда. Емдік шаралар барысында ROBACTIV Локомотив жүйесі, Модульдік баспалдақ «STEP» түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтарын қолдануда. Орталықта қазіргі таңда стационарлық жағдайда 122, жартылай стационарлық жағдайда 84 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айырылған 23 бала орталық қамқорлығында.