Ары таза ұстаздан абыройлы жан жоқ

225
0

Әр адамда, өткен ескі жылда есте қаларлық маңызды оқиғаларының болары сөзсіз. Елдегі саяси оқиғаларды, көбіне өз жанұясына қатысты жетістіктерді еске алады. Жаратқан қазағымды қуаныштан кенде қылмауын тілеп, сол қуаныш, жетістіктерді көппен көрсем деймін. «Елде болса ерніңе тиер» дегендей, экономикасы дамыған, өркениетті, демократиялық ел болсақ, сол қоғамда бәріміздің ұрпағымыз теңдей жақсы өмір сүруіне сенемін. Ондай өркениетті қоғамға жету жолын жастарымыздың жан-жақты терең білімі, рухани дүниелерінің байлығымен байланыстырамын. Сондықтан да жеке мүддеден бұрын, жастарымыздың білім, тәрбиесіне көп көңіл бөлсек. Сталиннің «бәрін мамандар шешеді» деп айтқанындай, білім саласының шынайы дамуын мамандар шешетініне көзіміз жетті.

Мектеп басшылғына жан-жақты жоғары білімі мен тәжірибесімен танылған, ары таза, адамгершілігі мол, көзі ашық, көкірегі ояу, лайықты ұстаз боларлық қабілетімен ұжым құрметіне ие, өзінің іс-әрекетімен, әділеттілігі мен өзгелерге үлгі болатын мамандарды тағайындауды қоғам тарапынан талап етіп келеміз. Өкініштісі, бір-екеуі болмаса біздің ұсыныс, талабымызға сай басшы тағайындалмай тұр. Мен үшін ескі жылдың ең қуанышты, ерекшелігі де білім саласындағы оң өзгерістер десем артық айтқандық емес. Түсіне білгенге, біздің жоғарыдағы талабымызға сәйкес келетін бір білім басшының өзі талай жастарымыздың болашағына жол ашады. Өткен жылдың мен үшін қуанышты ерекшілігі, қоғам талабына сай Шымкент қалалық білім бөлімінде қызмет атқаратын бес-алты қызметкерлерден Агманова Динаның қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары, А.Текебаеваның сектор меңгерушісі болып тағайындалуы. Екіншісі, Шымкент қаласы №47 мектептің білім, тәжірибесімен танылған мұғалімі Арман Орынбековтың №90 мектепке директор болуы. ОҚО білім басқармасында да басшылар тарапынан ауыс-түйісі,оң өзгерістер болады деп күтілген еді… Негізі мектеп басшыларының қаншалықты білімі, тәжірибесі, қабілеті талапқа сай екенін сектор меңгерушілері, мамандар тани білулері тиіс. Басшылар да «өзім шешемін,- өзім білемінге» салмай, орынбасарларының, сектор меңгерушілерінің мектеп басшыларын қабілетіне қарай бағалауда ұсыныс, талаптарын ескеріп, жауапкершілік танытса болар еді. Д.Агманова ханымға жоғарыдан «тормоз» болмаса, педагогикалық қабілеті төмен басшыларға білім саласына тұсау болмай, орындарыңды «босатыңдар» деп тікелей талап қоя білетініне сенеміз. Қаладағы 90 мыңнан аса оқушының болашағына септігі тиетін маманның басшы болуы мен үшін 2012 жылдың маңызды оқиғасы, жетістігі дегенім де сол. Бала болашағына отбасына қарағанда, мектеп ықпалы басымдау деген ойдамын. Ол ойымды мектептердегі білікті, тәжірбиелі, жауапты ұстаздар да мойындап, қоштауда. Сол себепті, балаларымыз білім, тәрбие алатын орынды білікті, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін басшылар басқарса деймін. «Мешкей деген жақсы ат» емес дегендей, мектеп параның, жемқорлықтың ордасына айналып кеткен деген сөздің өзі ұжымға абырой емес. Конфуцидің, «Адал кісіні адал еместерден биік қойсаң, адал еместерді адалдыққа тартасың» дегеніндей, білім саласын басқаруға адал мамандарды көптеп тарту арқылы білім саласын тазартып, білім, тәрбие сапасын арттыра аламыз. Алланың екінші аты — халық десе, нағыз ұстаздар халықтың ең құрмет тұтарлары. Ұстаздарымыздың, абыройлы атқа кір келтірмей, сол құрметке лайықты болуын қалаймын.

Жарқынбек Сейтінбетұлы,
« ОҚО білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес қоғамдық комитет» төрағасы.