ҚАЗАҚСТАНҒА РЕСЕЙ, ҚЫТАЙ, ӨЗБЕКСТАННАН КІРЕТІН 6 ӨЗЕННІҢ СУЫ ПАЙДАЛАНУҒА МҮЛДЕМ ЖАРАМСЫЗ КҮЙГЕ ЖЕТКЕН

1258
0

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің  уытты заттардың трансшекаралық тасымалдануы жөніндегі жарты жылдық бюллетені жарияланды.

Құжаттағы мәліметке сүйенсек, мамандар елге сырттан кіретін 31 трансшекаралық өзеннің бойына орнатылған 39 гидрохимиялық тұстамадан алынған сынамаларға мониторинг жүргізген.

Соның қорытындысы бойынша, Ресей Федерациясынан елге ағып кіретін 6 өзенде уытты заттармен ластанудың 5-класы тіркелген. Яғни, бұл өзендердің суы тек гидроэнергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, гидрокөлік сияқты өнеркәсіптің кейбір түрлеріне ғана жарамды деген сөз. Олар: Есіл (қалқыма заттар), Үй (никель), Жайық (фосфаттар), Шаған (фосфаттар), Қараөзен (фосфаттар), Сарыөзен (фосфаттар), Елек – Шілік а. (фосфаттар).

Ал ластанудың «5+» класы Ресейден келетін 4 өзенде байқалған. Яғни, бұл өзендер су пайдаланудың барлық түріне жарамсыз деген сөз. Олар: Тобыл – Аққарға а. (кальций, магний, минерализация, хлоридтер, марганец, никель, сульфаттар), Тобыл – Милютинка ст. (марганец), Әйет (марганец), Тоғызақ – Тоғызақ ст. (марганец), Обаған (магний, минерализация, марганец, хлоридтер).

Сондай-ақ, бастауын Қытайдан аумағынан алып жатқан 2 өзенде ластанудың «5+» класы тіркелген. Олар: Қара Ертіс (қалқыма заттар), Емел (қалқыма заттар). Өзбекстаннан ағып кіретін Келес өзені де ластанудың «5+ класына» душар болған (қалқыма заттар). Қырғыз Республикасынан кіретін Талас өзенінде ластанудың 5 класы тіркелген (қалқыма заттар).

«Қазақстан Республикасының 7 трансшекаралық өзенінде 51 жоғары ластану, 2 экстремалды жоғары ластануы жағдайы тіркелген», — деп жазылған құжатта.

Бюллетеньде Іле өзенінің арнасындағы химиялық элементтердің шөгінділері азаймай тұрғаны да айтылған.

«Өткен көктемгі маусымда келесі өзендердің арналары химиялық элементтермен көбірек ластанған болып шықты: Іле өзені – ластану көздері белгісіз, бұл ақпаратты алу қажет. Сондай-ақ, Қарабалта өзенінің ластану көздері ретінде Ақ-Түз кен орнындағы кенді қайта өңдеу қалдықтары және «Қара-Балта» тау-кен кәсіпорнының (Қырғызстан) радиоактивтік қалдық сақтау қоймасы болуы ықтимал», — деп жазады бюллетень авторлары.