QR-МЕН ТӨЛЕМ ЖАСАУ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ТАНЫМАЛ ЕСЕП АЙЫРЫСУ ТҮРІНЕ АЙНАЛДЫ
Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы QR-кодпен төлем жасау алғаш рет POS-терминал арқылы есеп айырысу көлемінен артқанын мәлім етті.
Нақты мәнде QR-төлем көлемі 7,3 трлн теңге, ал POS-терминал арқылы төлем 7,2 трлн теңге болды. Сарапшылардың пайымынша, мұндай үрдіс QR-код арқылы төлем жасаудың қарапайымдылығы, қолайлығы және үнемділігі үшін жалғаса береді. Дегенмен, 2024 жылыдң 1 шілдесіндегі дерекке сәйкес, қазақстандықтардың қолында әлі де 78,1 млн дана төлем картасы болуы ықтимал.
«Ең көп таралғаны дебет картасы (80 пайыз), кредит картасының үлесі 16 пайыз болса, қалған 4 пайызы –кредиттік лимиті және алдын ала төлемі бар дебет картасы. Осылайша, халықтың жан басына 3,1 дебет картасынан (бір жыл бұрын 2,8) және 0,6 кредит картасынан келеді», — делінген қауымдастық есебінде.
Естеріңізге сала кетейік, барлық банк үшін бірыңғай QR-код ұлттық жүйесін 2025 жылы іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде ел тұрғындары кез келген банк қосымшасымен кез келген QR-код арқылы төлем жасай алатын болады.