ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ЖҰМЫСКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толу мерекесі аясында еліміздің әр өңірінде түрлі әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізілуде. Бұл мерекелік шаралар тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, еңбек ұжымдары арасында да кеңінен атап өтіліп, еңбек адамдарына деген құрмет ерекше сезілуде. Соның айғағы ретінде Шымкент қаласында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткен кездесуді атап өтуге болады.

Кездесу жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№4 арнаулы қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өтті. Бұл мекеме – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға қызмет көрсететін маңызды құрылымдардың бірі. Басқосуға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме басшысы Ақмара Досбаева және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гауһар Садықова қатысып, ұжым мүшелерімен ашық пікір алмасты. Жиын барысында ең алдымен еңбек қатынастары мен техника қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударылды. Жұмыскерлерге заңнамалық нормалар мен қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, жұмыс орнындағы еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлердің құқығын қорғау жайы қозғалды. Сонымен қатар, кәсіподақтардың 2025-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы таныстырылып, оның негізгі бағыттары – әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбеккерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту екені айтылды. Кездесудің маңызды бөлігі – марапаттау рәсімі болды. Жұмысшылардың қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше қызметкер кәсіподақтың төсбелгі, құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. Мәселен, еңбек терапиясының инспекторы Гауһар Садықова, әлеуметтік жұмыс маманы Салтанат Отарбаева және заңгер Қуанышбек Темірбеков «Еңбек озаты» төсбелгісіне ие болды. Ал мәдени ұйымдастырушы Ғалымжан Орынтаев пен әлеуметтік сала мамандары Береке Оспанова және Әбунәсір Тәжібаев «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Сондай-ақ палата санитары Гүлнара Бекеева, дәрігер Айдана Жайлыбаева мен психолог Зухра Айсағатова «Алғыс хатқа» лайық деп танылды. Бұл марапаттар тек еңбектің мойындалуы ғана емес, сонымен бірге еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Әлеуметтік салада қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі айрықша жауапкершілікті талап етеді. Олар қоғамдағы әлсіз топтарға көмек көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға атсалысады. Сондықтан олардың еңбегін елеп-ескеру – әділдік пен қамқорлықтың белгісі.

Жалпы мұндай кездесулер тек ресми марапаттау рәсімі ғана емес, сонымен бірге еңбек ұжымының ынтымағын арттыратын, әрбір қызметкердің қоғамдағы рөлі мен маңызын айқындайтын шара. Бұл – кәсіподақтардың әлеуметтік саясаттағы белсенділігін көрсетіп, жұмысшылардың сенімін нығайтатын тиімді алаң. Шымкенттегі «№4 арнаулы қызметтер көрсету орталығында» өткен кездесу еңбек адамына деген құрметтің айқын үлгісі болды. Конституцияның 30 жылдығымен орайласқан бұл іс-шара еңбек ұжымдарының бірлігін күшейтіп қана қоймай, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға жол ашты. Еңбекті бағалау – ел дамуының басты кепілі екені тағы бір мәрте дәлелденді.