АЭС: НЕНІ ЕСКЕРУІМІЗ КЕРЕК?

760
0

Биыл 2 қыркүйекте Парламенттің жаңа сессиясы ашылды. Парламент Сенаты мен Мәжілістің бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты тақырыппен халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Осы орайда, қазіргі уақытта атом электр станциясын салуға қатысты ақпараттық-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Осы орайда, «Уақыт.kz» желілік басылымы аталған бастамаға қатысты ел азаматтарының пікірін сұрап, бірқатар азаматтарға сауалдар жолдаған болатын. Белгілі кәсіпкер, “AMANAT” партиясының мүшесі Муфтулла Қонақбаев бұл мәселені жіті зерттегенін айтады. Өз сөзінде «Қоғамда атом электр станциясына қатысты пікір көп. Рас, арасында нақты дәлелге сүйенген пікірлер де, керісінше, жел сөз, құрғақ дәйекке құрылған ойлар да баршылық. Бүгінде жүріп жатқан қызу пікірталасқа сала мамандары да араласып жатыр. Көзі ашық оқырман қауым интернетті ақтарып, аз-кем ақпар жинаса, мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғарар еді. Жалпы бұл қызығушылықтан емес, қажеттіліктен туындап отырған бастама десем, артық айтпаған болар едім. Осы орайда, көкейде жүрген ойларымды тарқата баяндауды жөн санап отырмын. Бүгінде жаһандық саясат сәт сайын құбылып тұр. Осы бір алмағайып кезеңде әйгілі саясаткер Уинстон Черчиллдің “Британияның мәңгілік дұшпаны да, досы да жоқ, тек мүддесі ғана бар” деген сөзі ойымызға оралады. Бұл бүгінде жаһандық қағидаға айналды. Осындайда елдің өзгеге емес өзіне сену керегін айқын ұғып, анық түсінеміз. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде энергия тапшылығы сезіледі. Ашық дереккөздердегі ақпараттарды алға тартсақ, тек соңғы 5-10 жылда еліміздегі энергия тапшылығы бірнеше миллиард киловатқа жеткен. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай еселеп артуы мүмкін. Гидро және жылыту электр орталығы ең көп шоғырланған Шығыс Қазақстан облысының өзінде бүгінде 1,5 миллиард киловатт сағат электр жетіспейді. Ал елдің экономикасы неғұрлым дамыған сайын энергияға деген сұраныс та соғұрлым артады. Қазір Қазақстан жетпейтін қуат көзін көрші елдерден тасымалдап отыр. Мұның өзі атом электр станциясын салу бастамасының заман қойып отырған талаппен үндесетінін айғақтайды» дейді ол. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта елімізде энергия тапшылығы бар. Мұны ашық деректерден де білуге болады. Сәйкесінше, Қазақстан жетіспейтін энергия көздерін көрші мемлекеттерден алып отыр.

Дегенмен қоғам арасында «Неліктен  энергияның дәл осы түрін ғана қолдауымыз керек?» деген маңызды сауал бар. Оған кейіпкеріміздің жауабы дайын. «Біріншіден, атом электр станциясы экономикалық тұрғыда өзгелерден бір саты биік тұрады. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің мәліметі бойынша, атом станциясы энергия өндіру құны жағынан көмір станцияларымен жиі бәсекеге түседі. Артықшылығы сол, қажет шикізат өзімізде өндіріледі. Тонналап көмір жағып, вагондап тасудың қажеті тағы жоқ. Екіншіден, қоршаған ортаға тигізер зияны да азырақ. АҚШ-тағы “National Renewable Energy Laboratory” мәліметінше, АЭС көмір станцияларына қарағанда атмосфераға көмірқышқыл газын 100 есе аз шығарады. Мұның өзі экологиясы ушыққан Қазақстан үшін оңтайлы шешім болмақ. Сондықтан болар, бүгінде әлемде 27 мемлекет атом энергетикасын дамытуға басымдық беріп отыр. Оның ішінде 17 ел атом электр станциясын алғаш рет салу бойынша шешім қабылдап жатыр. Ол қатарда Қазақстан да бар. Қош делік, тарихтағы түрлі оқиғаларды саралап, бұл бастаманың сәтті боларына күмәнмен қарап жатқандар баршылық. Дегенмен үлкен жетістіктердің тәуекелмен келетінін ұмытпаған абзал. Қала берді, бүгінде ғылыми-технологиялық прогресс үдеп барады. Мұның өзі қауіпсіздік мәселесіне әсер етеді. Елімізде атом электр станциясын салуға қажет барлық жағдай бар. Бір ғана нәрсені ұғуымыз керек, бұл бастама — қажеттіліктен туып отыр. Қазақстан өзгеге кіріптар болмасын десек, бұл жобаны қолдауға тиіспіз. Өйткені атом электр станциясының жемісін біз ғана емес, ұрпақтарымыз да көреді» дейді Муфтулла Қонақбаев.