ШЫМКЕНТТЕГІ ІРІ КӨШЕЛЕРДІҢ БІРІНІҢ ЖОЛ СЫЗЫҚТАРЫ ЖАҢАРДЫ

94
0

Темірлан тас жолының бойындағы жол сызықтары мен жаяу жүргіншілер өткелі қайта сызылып, жаңартылды.

Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін түнгі уақытта атқарылды.

Шымкент қаласында биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады. Жалпы бүгінге дейін 150 шақырымнан астам көшенің жол сызықтары жаңартылды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мұрындық болуымен қолға алынған істің нәтижесінде бірқатар көшелердің жол сызықтары жаңартылып жатыр. Жалпы көлік қозғалысында жол сызықтары қауіпсіздік қызметін атқарады. Сондықтан мұның күнделікті өмірдегі маңызы мен міндеті зор. Сондықтан аталған бағыттағы жүйелі жұмыстар жайы бақылауда. Сапасы қатаң тексеріледі. Талапқа жауап бере алмайтын жағдайлар болса, заң аясында шара көрілетінін де айта кету керек. Бұдан бөлек, жол белгілеріне де айрықша назар аударылып келе жатыр. Маңызды мекемелердің алдына аталған белгілерді қою бойынша нақты шаралар қолға алынып, жүзеге асырылды. Жылдамдықты бақылап, назар аудармаса, арты орны толмас қателікке ұрындыруы мүмкін. Сондықтан түсіндірме жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Қазіргі уақытқа дейін Елшібек батыр, Аймауытов, Уалиханов көшелерінде жол сызықтары, жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылды. Жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі мақсатында түнгі уақытта атқарылды. Сондай-ақ Бақбаев көшесінің жол сызықтары, Тайманұлы көшесінде орналасқан мешіт тұсындағы жаяу жүргінші өткелі, Әділбек Керімше және Аманқұлов көше қиылыстарындағы жаяу жүргінші жолы, Рысқұлбеков-Мәделі қожа көшелері қиылысындағы бағдаршамды жаяу жүргіншілер өткелі мен 1 мамыр көшесінің Театральная және Жарқынбеков көшелері аралығы да жаңартылды.