Әкімдер «сценарийге» дайындалуда

344
0

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша ауыл, аудан-қала әкімдері елдің алдына шығып, есеп беруді бастайтын уақыт таяды. Дәл осы «өліара» шақта әкімдердің әртіс болып кететіндері бар. Алдымен бір жылда атқарған жұмыстары жөніндегі есепті жергілікті газеттерге жариялатады, сан түрлі слайдтар дайындайды, жиын өтетін жерлердің кестесін түзетеді, әйтеуір қарбалас шақ. Әрмен қарай белгілі, жиында сөйлейтін «тұлғалар» таңдалады. Олар өкіртіп тұрып әкімді мақтайды, еңбегіне «бес» деген баға береді.
Жылда осы көрініс қайталана беретіндіктен көпшілік те мезі болып, жиынға барғылары келмейді. Залды мұғалімдер мен дәрігерлер, ауылдың атқа мінерлері, билер, қала берді әкімдік аппаратындағы шенеуніктер толтырады. Әкімнің тірлігіне көңілі көншімейтін бірен-саран сөз айтпақ болғандардың ауыздарына «қақпақ»қойылады. Мұндай есеп беріп, өзін де, өзгені де алдағанша, есіл уақытты қор қылғанша өзгеше тәсілді қолданған жөн сияқты. Мәселен, анкета толтыру арқылы. Менімше оған барлық тұрғын қатысады, әрі әкімге әділ баға береді. Бұған ешқандай «сценарийдің» де, артық шығынның да қажеті жоқ.

Т.ҚАЙСАР