ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫМЕН КҮРЕС КҮШЕЙГЕН

257
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың қыркүйек айында жариялаған «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек» деп атап өткен болатын. Бүгінде елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында түрлі құқықбұзушылықтармен күрес ісі қарқын алып келеді. Осы орайда, жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат пен Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман-Арун Бейсенбиев баспасөз мәслихатын өткізіп, атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.

Жиын барысында «Қазіргі таңда есірткі мәселесі қоғамның басты қауіптерінің бірі ретінде қарастырылуда. Бұл мәселенің өзектілігі оның халық денсаулығына және ұлт қауіпсіздігіне тікелей әсер етуімен байланысты. Есірткі заттарын пайдалану халықтың генетикалық қорын әлсіретіп, ұлттың болашағына үлкен қауіп төндіреді. Есірткі бизнесі ұлттық және аумақтық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін, себебі оның белгілі бір бөлігі экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға бағытталып келеді. Нашақорлық тек адам денсаулығына зиян келтіріп қоймай, қоғамның тұрақтылығын бұзады, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді. Оған еліміздегі «Қаңтар оқиғасы» мен Украинадағы «Майдан» оқиғалары нақты дәлел бола алады» деді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марат Ержан Маратұлы. Жалпы Мемлекет басшысы бұл мәселені жыл сайын көтеріп отырады, себебі кейбір адамдар есірткіні бизнес ретінде қарастырса, өзгелері оны ұлттың тәуелсіздігіне қауіп төндіретін құрал ретінде пайдаланады. Осыған байланысты биылғы жылы қылмыстық қудалау органдары мен уәкілетті мекемелердің есірткімен күрес жұмыстары күшейтілді. Қала прокуратурасы есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау бойынша арнайы топ та құрды. 2023 жылы құқық қорғау органдарының тарапынан Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптары бұзылып, 8 іс тоқтатылса, биыл мұндай бұзушылықтарға жол берілмеді. 2024 жылдың 9 айында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 397 қылмыскер анықталып, олардың басым көпшілігі 21-29 жас (139 адам) және 30-39 жас (131 адам) аралығындағы тұлғалар болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2023 жылы дәл осы уақытта 447 қылмыстық іс тіркелген болатын. Биылғы жылы да есірткімен күрес жұмыстары белсенді жүргізіліп, ҚПК-тің 128-131 баптары бойынша 54 адам қамауға алынған, олардың 5-еуі — бұрын сотталғандар. Марихуана, каннабис және гашиш өңірде есірткі заттарының таралуында басты орын алғанымен, синтетикалық есірткілердің таралуы да күрт өсуде. Бұл қылмыс түріне байланысты қолданушылардың да саны артып келеді. 2024 жылдың өзінде синтетикалық есірткі өндірісімен айналысатын екі зертхана анықталған. Сонымен қатар, Бас прокуратураның «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында, қала әкімдіктері мен полиция қызметкерлері бірлесіп, есірткі қылмысының алдын алу және есірткі жарнамаларын жою мақсатында арнайы іс-шаралар өткізді. Бұл шаралар аясында 500-ден астам заңсыз жарнамалар жойылған.

Бұл ғана емес, 2024 жылдың 9 айында Шымкент қаласында есірткі заттарын жарнамалайтын және сатумен айналысатын 50-ге жуық ғаламтор сілтемесі анықталып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, бұғатталды. Тексеру нәтижесінде 10 жарнама түрі бойынша қылмыстық істер тіркелген. Мысалы, 21 тамызда Тұран ауданында бірқатар ғимарат қабырғаларына есірткі сатуға қатысты жарнамалар жазылғаны анықталып, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 299-1-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті полиция тергеу жұмыстарын жалғастыруда, ал күдікті тұлғаларды анықтау үшін шаралар қабылдануда. Қала тұрғындарымен бірлесіп, есірткі жарнамалары бар қабырғалар сырланып, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрғындармен кездесу барысында есірткінің зияны мен заңсыз әрекеттердің салдары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, бұл шараларға қазақстандық танымал әртістер мен қоғам қайраткерлері, атап айтқанда «Мұзарт» тобының әншілері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанабілов, Нұрлан Өнербаев, Серік Ибрагимов, «Alldavay» тобының солисті Шоқан Маратұлы өз қолдауын білдірді. Олар өздерінің әлеуметтік желілерінде есірткіге қарсы профилактикалық шараларға қатысып, ақпарат таратқан. Оқушылар мен кәмелетке толмағандар арасында да есірткі заттарының зияны, оларды қолдану, сақтау және жарнамалау үшін заңды жауапкершілік туралы тұрақты түсіндіру шаралары ұйымдастырылып жатыр.