ӨЗБЕК ИНВЕСТОРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ – СЕНІМ МЕН ӘЛЕУЕТТІҢ БЕЛГІСІ

Қазіргі таңда жаһандық экономикада өңіраралық ынтымақтастық – стратегиялық маңызды факторлардың бірі. Әсіресе көршілес, тарихи және мәдени байланыстары терең тамыр жайған мемлекеттер үшін бұл – жаңа мүмкіндіктер дәуіріне жол ашатын алтын көпір. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы инвестициялық әріптестік – тек экономикалық келісім ғана емес, бауырлас елдердің бірлескен даму миссиясының нақты көрінісі.
Жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген «U-UMAX Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қос тарап Түркістан өңіріндегі инвестициялық әлеует, өндірістік жобалар, инфрақұрылымдық даму және жол-құрылыс бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Облыс басшысы Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанның бүгінгі таңдағы басты басымдығы – кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту екенін атап өтті. Өз сөзінде «Өзбекстан – көршілес мемлекет қана емес, бауырлас ел. Орталық Азиядағы экономикасы дамып келе жатқан қос мемлекет арасында байланыс өте жоғары деңгейде. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз» деді өңір басшысы. Шын мәнінде, Түркістан өңірі соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру, шетелдік инвестицияны тарту және өндіріс қуатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде 19 индустриалды аймақ, 5 өндірістік субзонасы бар арнайы экономикалық аймақ, шағын өнеркәсіптік парктер шетелдік инвесторлар үшін дайын инфрақұрылым, жеңілдікті салық жүйесі мен логистикалық қолайлылықты қамтамасыз етіп отыр. Бұл аймақтарда бүгінде 52 кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі таңда 195,4 млрд теңгеге 57 жаңа жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Түркістан облысының индустриалды болашаққа нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді.
«U-UMAX Group» компаниясының өкілдері құрылыс, жол және теміржол салаларында жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді. Бұл – экономикалық маңыздан бөлек, техникалық тәжірибе алмасудың, трансшекаралық инфрақұрылымдық жобалардың бастамасы болуы әбден мүмкін. Өзбекстандық кәсіпкерлердің Түркістан өңіріне қызығушылық танытуының бірнеше негізгі себебін атауға болады. Тарқатсақ, Түркістан облысы Өзбекстанмен тікелей шекаралас, ал Мақтаарал, Сарыағаш, Келес сияқты шекара маңындағы аудандар транзиттік және экспорттық орталықтарға айналуға бейім. Түркістан облысында өндірілген өнімдерді Қазақстанның ішкі нарығынан бөлек, Ресей мен Қытайға экспорттауға ыңғайлы. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық интеграция, сауда-саттық және өндірістік кооперация мәселесі соңғы жылдары белсенді талқыланып келеді. Түркістан облысы осы процесте стратегиялық маңызы зор өңір ретінде ерекше рөл атқаруы тиіс.
Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы инвестициялық байланыс – өңірлік интеграцияның нақты көрінісі. Бұл ынтымақтастық – ортақ экономикалық мүдде мен тарихи бауырластықтың жемісі. Өзбек инвесторларының Түркістанға деген сенімі – өңірдің дамуына жасалған маңызды инвестициялық аванс. Енді бұл сенімді нақты жобалармен, сапалы инфрақұрылыммен және тиімді басқарумен ақтау – Түркістан басшылығының алдында тұрған маңызды міндет. Болашақта Түркістан мен Өзбекстан арасындағы әріптестік тек өндіріс аясында ғана емес, туризм, агросектор, білім және мәдениет бағытында да тереңдей түсетіні сөзсіз. Бұл – Орталық Азияның бірігіп өркендеуге бет алғанының тағы бір жарқын белгісі.